“Мөлдір бұлақ” — экологияға жанашыр жастар

Патриот жаршысы
183

Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбеде табиғатты қорғау мен жастардың экологиялық санасын арттыруға бағытталған маңызды шара өтті. «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы мен Ақтөбе орман шаруашылығы бірлесіп, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» атты экологиялық сенбілік ұйымдастырды.

Шараға «Jasyl El» ұйымының эко-гвардия құрамындағы 30 белсенді жас сарбаз қатысып, Ақтөбе су қоймасының маңын тұрмыстық қалдықтар мен пластик, қағаз секілді қоқыстардан тазартып шықты. Табиғатқа жанашырлықпен қараған жастар ондаған қап қоқысты жинап, оны арнайы техника көмегімен қала сыртына шығарды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар тек тазалық жұмыстары ғана емес, сонымен қатар жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

- Бұл шара – жай сенбілік емес. Біз жас буынды табиғатты аялауға, экологиялық мәдениетті бойына сіңіруге тәрбиелейміз. Жас сарбаздарымыз өз істерімен көпшілікке үлгі бола алады, - дейді Ақтөбе орман шаруашылығының өкілі.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүгінде еліміздің әр өңірінде жалғасуда. Оның аясында орман-тоғайлар, өзен-көл жағалаулары мен елді мекендер маңы тазартылып, табиғатты сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Ақтөбелік жастардың бұл бастамасы - табиғатқа жанашырлықтың жарқын көрінісі. Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың азаматтық борышы екенін тағы бір еске салады.

Малика Рүстем
тілші