Көркем гимнастика құрамасының жаңа бапкері – Лола Әділбекова

Патриот жаршысы
38

Olympic.kz

Қазақстан көркем гимнастикасындағы маңызды тағайындаулардың бірі жүзеге асты. Енді ұлттық құраманы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Лола Исламқұлқызы Әділбекова жаттықтыратын болды.

Жаңа бас бапкер – әлем чемпионаттарының қатысушысы әрі 2002 жылғы Азия ойындарының командалық есебіндегі күміс жүлдегері. Ол бапкерлік қызметін 2010 жылы Шымкент қаласында бастаған. Соңғы жылдары Шымкент қаласының аға жаттықтырушысы болып еңбек етті. 2018 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді.

Әділбекова – халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсеткен бірнеше талантты гимнасшылардың бапкері. Оның шәкірттерінің қатарында Азия чемпионы Даяна Әбдірбекова, жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушысы Роза Әбитова, әлем чемпионатының финалисі Эльжана Таниева, сондай-ақ 2023 жылғы Азия ойындарының командалық жарысында күміс, жекелей көпсайыста қола жүлдеге ие болған Милана Парфилова бар.

Айта кетейік, Лола Әділбекова бұл қызметке көркем гимнастика федерациясының президенті лауазымын таңдаған Әлия Юсупованың орнына келді.

Малика Рүстем
тілші