«Тәуелсіздік күні құтты болсын» фильмі бас жүлдеге ие болды

Патриот жаршысы
99

Сурет "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі

Қазақстандық  режиссер Камила Сағынтқанның  шығармашылық туындысы Лондонда өткен Еуразиялық фильмдер фестивалінде «Ең үздік қысқаметражды фильм» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. 16 минуттық «Тәуелсіздік күні құтты болсын» фильмінде сүйген жарынан айырылып, өмірдің мәнін жоғалтқан орта жастағы ер адамның тағдыры көрсетіледі. Отандық өнім сарапшылар мен көрерменнің жоғары бағасына ие болып, сүйіспеншілігіне бөленді.

Кинофестивальді ұйымдастырудағы басты мақсат– әлемдік талантты режиссер, актер, продюсер және сценаристердің басын қосып, еуразиялық киноны ағылшын тілді кеңістікте насихаттау. Шараны өткізудегі тағы бір мақсат–Орталық Азия және посткеңестік киноиндустрия өкілдерін дүниежүзінен жиналған кәсіпқой кино мамандарымен таныстыру.  Аталмыш кинофестиваль еуразиялық шығармашылық гильдиясы коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырумен биыл алтыншы рет өткізілді. Байқауға 22 елден   100-ге жуық үміткер ниет білдіріп, 20-сы іріктеу сынына түсті.

 

Байқау сарапшысы  Джон Фарндон:

«Орталық Азиялық киногерлердің сенімділігінің нығая түскені сезіледі. Олар шығармашылықтарын шыңдап, батыс көрерменіне бір қадам жақын бола түсті. Өмірімізге басқа қырынан қарауға мүмкіндік бергені қуантады»,–дейді.

Дариға Нысанқұл