Топ жарғандарға қаржылай сыйақы

Патриот жаршысы
116

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі

Қытайдың Харбин қаласында өткен IX Қысқы Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен отандық спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына қаржылай сыйақы табысталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Азия аламанында ел намысын абыроймен қорғаған 85 спортшы мен 32 жаттықтырушыны қолдау мақсатында Үкімет қаулысымен 372,6 миллион теңге бөлінді.

Ақ Азиадада жерлестеріміз 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, 34 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте төртінші орыннан көрінді. Ел қоржынына алтын жүлдені биатлонда Владислав Киреев, фристайл-акробатикадағы жұптық секірушілер, шорт-тректен 5000 метрлік эстафета командасы және шайбалы хоккейден ерлер құрамасы салды.

Спортшыларды ынталандыру - Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан спортты қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Соңғы 6 жыл ішінде елімізде 314 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 58 жүзу бассейні бой көтерді. Нәтижесінде дене белсенділігімен жүйелі түрде айналысатын халық үлесі 5,9 миллионнан 8,4 миллион адамға дейін артқан.

Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер спортына да баса көңіл бөлінуде. 2021 жылдан бастап Президент тапсырмасына сәйкес, спорт үйірмелерін жан басына қаржыландыру тетігі енгізілді. Қазір елімізде 4 пен 17 жас аралығындағы 250 мыңнан астам бала 7 мыңнан аса үйірмеде тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны соңғы бес жылда 481-ден 521-ге жетіп, ондағы тәрбиеленушілер саны 357 мыңнан 406 мыңға артты.

Малика Рүстем
тілші