«Алтын шипагер» марапаты

Астана қаласының әкімдігі
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Медицина қызметкерлері күніне арналған «Алтын Шипагер» атты салтанатты кеш өтті. Шара барысында елорданың үздік медицина мамандары марапатталып, ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді.
«Медицина – ұрпақтар жалғастығы арқылы күшейеді» деген ұранмен өткен кеш ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәрігерлік әулеттерге арналған алғыс пен ризашылықтың белгісіндей болды. Салтанатты жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, Парламент депутаттары, қалалық мәслихат мүшелері мен сала ардагерлері қатысты.
Денсаулық сақтау министрі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың еңбегі халық саулығы мен мемлекет болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ал қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов медицина мамандарының адал еңбегі арқылы елордада медициналық көмектің қолжетімді әрі сапалы бола түскенін жеткізді.
Кеш барысында денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосқан мамандар «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдарымен марапатталды.
Бұдан бөлек, 20-дан астам қызметкерге алғыс хаттар, дипломдар мен төсбелгілер табысталды. «Алтын Шипагер» сыйлығы жеті аталым бойынша иелерін тапты:
«Медицина флагманы» – үздік қалалық медициналық ұйым
«Тірі аңыз» – сала ардагері, тәлімгер
«Медицинаның үміті» – жас маман
«Жедел жәрдем қаһарманы» – жедел жәрдем қызметкері
«Мейірімді мейірбике» – үздік мейірбике
«Алтын стетоскоп» – үздік дәрігер
«HealthTech-көшбасшы» – заманауи технологияны меңгерген медициналық ұйым басшысы
Кештің әсерлі атмосферасын белгілі өнер иелері Ардақ Балажанова, Бауыржан Исаев, Дастан Оразбеков, Ибрагим Ескендір және тағы басқалары әнмен әрледі.