«Заң және тәртіп»: Астанада мектеп оқушылары құқықтық тәртіпті сахна арқылы көрсетті

Астана қаласының әкімдігі
Астана қаласында мектеп оқушылары арасында өткен «Заң және бала: болашақ қателіксіз» атты сахналық қойылымдар байқауы өз мәресіне жетті. Бұл ерекше жоба елорда прокуратурасы мен әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылып, жас ұрпақтың құқықтық санасын арттыру, заңға деген құрметті қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өткізілді.
Байқаудың қалалық ақтық кезеңі Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында өтті. Шараға қала аудандарында өткен іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары – алты мектептің талантты театр топтары қатысты. Олар қазіргі қоғамда аса өзекті болып отырған құқықтық мәселелерді – сыбайлас жемқорлық, киберқорлау (кибербуллинг), есірткі саудасы, ұрлық және жалған ақпарат тарату секілді тақырыптарды сахналық қойылым арқылы ашып көрсетті.
Байқаудың басты ерекшелігі – оқушылардың заң мен әділеттілік туралы өз көзқарастарын өнер арқылы жеткізе білуінде. Қатысушылар өмірлік жағдайларды сахнада көркемдікпен бейнелеп, көрерменге терең ой салды. Жастар тек шығармашылық қабілеттерін ғана емес, азаматтық ұстанымдарын да көрсетті.
Байқаудың қазылар алқасы құрамында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Макжан, қалалық прокурордың орынбасары Булат Мизанбаев, білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, тележүргізуші Айгүл Мүкей және басқа да салалық министрлік өкілдері мен аудан әкімдері болды.
Байқау барысында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Есет Байкен:«Бүгін сахнаға шыққан әр бала – өз елінің адал азаматы, болашақтың иесі. Осындай тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар арқылы біз жастарымызға заңға құрметпен қарауды, жауапкершілікті сезінуді үйретеміз. Мұндай жобалар жастардың қылмысқа баруын азайтуда үлкен рөл атқарады. Барлық қатысушылар жеңімпаз деп тануға лайық, дегенмен, байқау шарты бойынша үздіктер анықталды», – деп атап өтті.
Байқау нәтижесінде келесі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды:
- «Үздік актер» — №87 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Нұрахматолла Жанатқан;
- «Үздік актриса» — №108 мектептің 6-сынып оқушысы Мейірім Сүлеймен (Қожа рөлін сомдаған);
- «Тақырыпты ерекше ашқан» — №28 мектеп-лицейі;
- «Үздік сценарий» — №58 мектеп-лицейі;
- «Үздік бейнеролик» — №17 мектеп-гимназиясы;
- «Үздік қосалқы рөл» — №93 мектептің оқушысы Бек Сапархан.
Сондай-ақ, «Заң және тәртіп» ұстанымына сәйкес әлеуметтік бейнероликтер әзірлеуге қатысқаны үшін №97 және №75 мектептерге марапаттар табысталды.
Жалпы қорытынды бойынша:
- 1-орын — №17 мектеп-гимназиясы;
- 2-орын — №108 мектеп;
- 3-орын — №87 мектеп-гимназиясы;
- 4-орын — №58 мектеп-лицейі;
- 5-орын — №93 мектеп;
- 6-орын — №28 мектеп-лицейі.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлде қоры 50 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі соманы қамтыды.
«Заң және тәртіп» байқауы – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруда, шығармашылық әлеуетін дамытуда және әлеуметтік мәселелерді тереңірек түсінуінде үлкен рөл атқарды. Осындай жобалар арқылы мемлекетіміздің болашағы – балаларға әділет пен заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіру, оларға адамгершілік қағидаларды сіңіру – қоғамның ортақ міндеті.
Келер жылы байқауды республикалық деңгейде өткізу жоспарлануда. Бұл – еліміздің әр түкпіріндегі оқушыларға өз талантын көрсетіп, азаматтық көзқарасын білдіруге мүмкіндік береді.