Орталық Азия медиа кеңістігі жаңа кезеңге қадам басты

Патриот жаршысы
24

2025 жылдың 16–17 сәуір күндері Астана қаласы тағы бір мәрте халықаралық деңгейдегі маңызды алаңға айналды. Көптен күткен II Орталық Азия медиафорумы елорда төрінде өтті. Бұл шара – Орталық Азия елдері арасындағы ақпараттық ықпалдастықты нығайтуға бағытталған маңызды басқосу ғана емес, өңірлік медиа саласының дамуындағы жаңа серпінге айналды. Форум аясында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, сондай-ақ Әзербайжан, Қытай, Катар, Ұлыбритания мен Ресей елдерінен медиа маман, салалық жетекшілер, беделді сарапшылар, журналистер, инфлюенсерлер және  ЖОО  студенттері бас қосты.

Форумның шоқтығы биік, мазмұны терең болды. Медиа құқық саласындағы халықаралық сарапшы, Ұлыбританиядан келген доктор Венкат Айер қатысушылармен медиа этикасы, авторлық құқық және журналистік жауапкершілік тақырыптарында терең ой бөлісті. Оның баяндамасы жас журналистер мен құқықтық сауаттылығын арттырғысы келетін мамандарға ерекше пайдалы болды. Ресейлік дата журналист, Алексей Смагин (Яндекс, Тинькофф журналдарында жұмыс істеген) медиа саласында деректермен жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталып, аналитика мен storytelling-тің үйлесімділігі және ақпараттың инфографика арқылы өңделуі жөнінде өз тәжірибесін ортаға салды. Оның айтуынша, қазіргі медианың болашағы – нақты дерекке негізделген сенімді контентте. Ал әлемдік медиа нарығында өзіндік орны бар Иэн Макдональд – CNN International Commercial арнасының креативті директоры – жақсы әңгімелеу қалайша аудиторияға ұзақ уақыт әсер қалдыра алатындығы жөнінде баяндап, өз жобаларынан үзінді келтірді. Оның баяндамасы халықаралық аудиториямен жұмыс істеу, идеяны креативке айналдыру жолдарын түсінуге көмектесті.

Форум аясында шеберлік сағаттары, панельдік сессиялар, пікірталастар және networking алаңдары ұйымдастырылды. Бұл – жас мамандар мен студенттер үшін өзін танытуға, тәжірибе жинауға, ал сала ардагерлері үшін ой бөлісуге, болашақ жобаларға әріптес табуға мүмкіндік берді. Медиафорум тек тәжірибе алмасу алаңы емес, сонымен қатар Орталық Азия елдері арасындағы ақпараттық ықпалдастық пен ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталған стратегиялық бастамаларға түрткі болды. Қатысушылар Орталық Азияның медиа кеңістігін жаһандық деңгейге шығару, сапалы контент өндіру мен оны тиімді тарату бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

II Орталық Азия медиафорумы – тарих бетіне жазылар маңызды оқиға. Бұл – ақпараттың, тәжірибенің, идея мен серіктестіктің тоғысқан тұсы. Форум арқылы Орталық Азия елдерінің медиа мамандары жаңа серпін, тың мотивация және болашаққа сенімді бағыт алды.

Малика Рүстем
тілші