Құсбегілік–халық мұрасы

Патриот жаршысы
1218

Қазақ халқының тектілігін, жігіттеріміздің жүректілігін паш ететін құсбегілік –қазақтың қанына сіңген бекзат өнер. Қыран құсты жанына серік етіп, үнсіз тілдесе білу де асқан шеберлікті қажет етеді. Осы орайда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының «Бүркіт салу» санаты бойынша сынға түсіп, III орынды еншілеген Арман Қошқаровпен сұқбаттасқан едік.

Арман Қошқаров Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Ақкөл ауылының тумасы. Халықаралық, Дүниежүзілік, Республикалық жарыстардың жүлдегері.  Моңғолия, Катар секілді түрлі елдерде өткен жарыстарға қатысқан. «Жылдың үздік бүркітшісі», «Алтын тұғыр», «Жылдың үздік рекордсмені» атақтарының иегері.

 V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өте жоғары дәрежеде өтті. Бұл біз үшін де, еліміз үшін де зор мақтаныш. Себебі ел мерейі асқақтап, қазақ халқының тамыры терең тарихы паш етілген дүбірлі дода болды. Әрине,  бұған шетелден келген қонақтар таңданысын жасырмады. Қазақ халқының қонақжайлығына, сән-салтанатына, осындай түрлі өнерді игергеніне дән риза болып кетті. Оның ішінде құсбегілік өнер туралы айтар болсам, 11мемлекеттен келген құсбегілер жарысқа керемет дайындықпен келген. Қазақстан құрамасы бір ай бұрын оқу-жаттығу жиындарын жасап, дайындығымызды күшейтіп алғанымыздың арқасында ұлттық құрама I, II, III орынды  иеленді. Біз үшін керемет жетістік деп толық айта аламын.

 Бүркітімнің аты Нарын. Жасы сегізде. Қазақстанның намысын қорғап жүргеніне сегіз жыл болды. Нарыннан бөлек Алабас, Аңырақай, Алғыр, Ұшқыр деген төрт бүркітім бар. Өзім құсбегілікке 6-сыныптан бастап қызығып, бүркіттің тілін түсінуге тырыстым. Себебі әкем Әбдікәрім Қошқаров та  бүркітші. Әкемнің ұстазы Әбілқақ деген кісі болған. Сол кісіден үйренгенін әкем бізге де үйретті. Солайша бұл өнер отбасымызда өз жалғасын тауып келе жатыр. Бұл әрине әрбір қазақтың қанында бар тектілік болғандықтан, құсбегілікті тез үйреніп кетуге болады. Бүркіт өте мінезді құс. Сол үшін құсбегі мен құс арасында өзара байланыс мықты болу керек. Тілсіз құспен тіл табысу, әрине қиын. Соған қарамастан бұл өнерді шексіз жақсы көремін. Аңшылық өнер, атбегілік, құсбегілік, саятшылық болсын қайсысын айтар болсақ та қазақтың қаны қызып тұрады. Ат баптаған жігіт бүркітке де қызығады.

 Бүркіт аңшылық маусымы кезінде 200-300гр, түлек уақыты кезінде 500 кг дейін ет жейді. Бұлтқа дейінгі биіктікте ұшады. Жаз мезгілі кезінде бұлттың арасына барып салқындап ұшып келетіні де рас. Көбінесе  бүркітке таулы аймақтарда мекен еткен қолайлы. Олар салқын жерді жақсы көреді. Интернет желілерінде бүркіт аспанда шағылысады деген секілді деректер жүреді. Ол ақпарат дұрыс емес. Құстар ағашта, жерде отырып шағылысады. Ал аспанда олай мүлде мүмкін емес. Бүркіт өзінің тырнағын сындырып, 40 күн аш үңгірде ұйықтайды деген деректер де бар. Ол ақпарат та жалған деп айтар едім. Бүркіт күнделікті қоректенеді. Егер қоян аулаған болса, ол қоян оған екі-үш күндік азық болады. Ол кем дегенде аштыққа бір апта ғана шыдай алады. Одан артық уақыт болса өліп қалуы да ғажап емес.  Одан бөлек бүркіттің тырнағы адамдардыкі секілді жылда өседі. Түлек кезіне арнайы тас қоямыз. Соған қашайды немесе өзіміз пышақпен аламыз.

 

Қазіргі мәселе бүркіттің жол жүруі болып отыр. Бүркітті пойызбен бірге алып жүруге тыйым салынған. Құсбегілердің бүгінгі басты мәселесі осы. Алыс-жақын жерлерге көлікпен баруға болады. Дегенмен, қыс мезгілінде бұл мәселе көп қиындықтар туғызады. Осы мәселе шешіледі деген үміттеміз.

 Атырауда Өнербек Жанбала деген ағам бар. Көкпардан Атырау клубын ашып, ұлттық спортты дамытуға күш салып жүрген  бірден-бір белді азамат.  «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, 2010 жылдан бастап сол кісі маған ағалық қамқорлығын аяған емес. Талай жарыстарға баруыма себепші болып, барынша қолдаған сол кісі болды. Өз қалтасынан ақшасын шығарып, жолымның шығынын көтеріп, қазірге дейін көмегін беріп келе жатыр. Соның арқасында жарыстарға Атырау облысының атынан шығып, сол жақтың ұлттық спортын жандандыруға тырысып келе жатырмыз. Басқа облысқа бүркітпен жарысқа баратын болсақ, пойыздағы төрт орынды түгел алуға тура келеді. Сондай кездерде Өнербек ағаның көмегі көп тиді. Бұл қазақ халқына, қыран-бүркітке, ұлттық құндылықтарымызға деген зор құрметі деп ойлаймын. Бүгінде Өнербек ағамыз секілді мәрт әрі намысты жігіттер азайып бара жатыр. Сол үшін  осы сәтті пайдалана отырып өз ризашылығымды білдіргім келеді. Бойымыздағы рух ешқашан сөнбесін! Қыран құсымыз тек биікте самғасын! Құсбегілік өнер жасай берсін!

Дариға Нысанқұл