Ақтөбеде «Жас сарбаз» жасөспірімдерімен кездесу өтті

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Ақтөбе қаласында «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны аясында ҚР Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесті.
Бұл кездесудің маңызы ерекше — биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы атап өтілуде. Министр жас буынға елдің тарихына құрметпен қарап, батырлардың ерлік дәстүрін лайықты жалғастыру керектігін айтты.
Жас сарбаздар министрге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ашық әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, шара аясында Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында бірнеше елдің (Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан) командалары қатысқан сайыстар өтті. Қытай делегациясы – бақылаушы ретінде қатысты.
Салтанатты ашылу күні қатысушылар үшін мазмұнды мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. «Жас сарбаз» үрмелі аспаптар оркестрі алғаш рет өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен бірге, әскери-патриоттық клуб мүшелері Ұлы Жеңіс пен Әлия Молдағұловаға арналған тарихи көрмеге қатысты. «Айбын – достық мекені» атты мобильді көрмеде түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрі таныстырылды.