Таза өңір – таза ой

Ақмола облысының әкімдігі
Экологтар күніне орай Жарқайың ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды экологиялық сенбілік ұйымдастырылды.
Игі іске 500-ден астам адам – мемлекеттік мекеме қызметкерлері, оқушылар, еріктілер мен жергілікті тұрғындар белсене қатысты. Сенбілік барысында 200-ден астам терек, шырша және қарағай көшеті отырғызылып, өңірдің жасыл белдеуін нығайтуға үлес қосылды.
Есіл өзенінің бойындағы тазалық жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Өзен жағалауындағы ауылдық округтерде күл-қоқыстан арылту, абаттандыру шаралары жүргізілді. Державинск қаласында жастар ресурстық орталығының еріктілері жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, үлгі көрсетті.
– Таза табиғат – әр азаматтың жауапкершілігі. Мұндай сенбіліктер адамдардың экологиялық санасын оятып, қоршаған ортаға деген құрметті арттырады. Қатысушыларға ризашылығымды білдіремін, – деді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков.
Акция аясында барлық елді мекендерде «Таза ойындар» экологиялық сайысы өтті. Бұл жарыста қатысушылар қоқыс жинап, сұрыптап, түрлі экотапсырмалар арқылы ұпай жинады. Жастардың қызығушылығын арттыру үшін бұл ойын заманауи форматта өтті.
Сонымен қатар, Державинск қаласында «Экологиялық граффити» атты арт-жоба жүзеге асты. Қабырғаларға табиғатты қорғауға үндеу тастайтын суреттер мен ұрандар салынды.
– Мұндай форматтар жастарды қоршаған ортаны қорғауға заманауи әрі креативті жолмен тартуға мүмкіндік береді, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Әсел Молдабай.
«Таза Қазақстан» акциясы Жарқайың ауданында жалғасуда. Келесі кезеңде де көгалдандыру, экологиялық ағарту және абаттандыру бағытындағы жобалар жүзеге асырылады.