AI дәуіріндегі қазақ контенті қалай болмақ?

Бүгін Астана қаласында АҚШ Елшілігінің қолдауымен «Болашақтың дидары. Жаңа технологиялар және медиа» тақырыбында VII QAZAQFORUM өтті.
Қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың басын біріктірген бүгінгі шараға 300-ден астам медиа сарапшылар мен журналистер, белгілі блогерлер қатысты. Олардың қатарында арнайы АҚШ-тан келген маман Эмерсон Брукинг, спикер ретінде Еркін Тұқымов, Рүстем Биғари, Жайнагүл Төлеміс, Арман Абдрасилов, Сырым Итқұлов, Нұрсұлтан Құрман, Нұрбек Мәтжани, Кенжебек Азатбеков, Айгүл Жамалова, Нұрмахан Мұқанұлы, Гүлнұр Мамасарипова, Аман Тасыған, Абылай Адайұлы сынды қоғам белсенділері қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Форум «Болашақтың технологиялары: түбегейлі трансформация немесе үйлесімді даму», Hype.Fake.Clickbait «Жаңалықтар жасау мен тұтынудың мәдениеті», «ЖИ: Қауіпсіздік және халықаралық реттеу стандарттары», «Креативті индустрия, мәдениет және технология» тақырыптарындағы төрт панельдік сессия бойынша өтті. Шараны модератор ретінде Қарлығаш Жаманқұлова, Назым Жанғазы, Әділхан Мусин және Динара Сатжан жүргізіп отырды. Форум барысында контент жасау мен тұтынудың мәдениеті, жасанды интеллектінің қауіпсіздігі, халықаралық реттеу стандарттары, креативті индустрия мәселелері, дәстүрлі медиа мен жаңа медианың болашағы талқыланды. Ұтымды ойлар мен тың ұсыныстар айтылды. Ал бұл туралы форум қатысушыларының пікірі қандай?
Тележүргізуші, журналист Дана Нұржігіт:
«Шынымды айтсам бүгінгі форумнан екі түрлі әсер алдым. Бізде бұл тақырып әлі де жақсы зерттеле қойған жоқ. Сараптау, зерттеу материалдары жоқтың қасы деуге болады. Көп жағдайда шашырап, әркім өзінің күйін күйттеп жүр. Жүйелі түрде жасалып жатқан жұмыстар жоқ. Осы тұста Жайнагүл Төлемістің форумда айтқан сөзіне қосылғым келеді. Дәстүрлі медианың іргетасын «дәстүрлі медиа бізге қазір керек емес» деп шығудың арты жалпы медианың күйреуіне алып келуі мүмкін. Жаңа нәрсені салмай тұрып, дәстүрлі медиадан қашу не болмаса менсінбеу дегенді қоюымыз керек. Себебі бұл қате позиция. Екеуін де қатар алып жүруген дұрыс. Жаңа медиадан келе жатқан қауіп те жоқ емес. Ол бізге беріліп отырған жаңа заманның қаруы болғандықтан, өзіне қарсы дұрыс пайдалана білген абзал. Сол үшін де ол жан-жақты зерттеуді талап етеді. Міне, осы тұрғыдан бізге ғылыми зерттеу жұмыстар өте қажет. Контент жасаушының, контент қолданушының да сауатсыздығы осыдан туындап отыр. Оған жауапкершіліктің жоқтығы, аудиторияның сенімін ақтамау, бұған дейін қалыптасқан сенімге селкеу түсіру секілді дүниелердің басты себебі сауатсыздық болып тұр».
Maqsut Narikbaev University Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct assistant профессоры, PhD Алма Сайлауқызы:
«Бұндай форумдар бізге қажет деп ойлаймын. Қазақстанда түрлі жиындар көп. Мән-мағынасы бар шаралар да және оған сәйкес келмейтіндері де толып жатыр. Дегенмен, дәл осы форум не үшін керек дейтін болсақ, журналистика, медиа саласы үздіксіз даму үстінде. Кешегі күнгі жаңалық бүгін ескіріп қалуы мүмкін. Өйткені технологиялық тұрғыдан болсын немесе мазмұндық, тәсілдік қырынан ақпарат тез ескіріп қалады. Сондықтан, жаңа технологияға байланысты қай бағытта бара жатырмыз, менің бағытым дұрыс па деген секілді өзара бір-бірімізбен пікір алмасып отыру қашан да керек деп санаймын. Тақырыптың қаншалықты ашылуы екінші мәселе. Бірінші панельдік сессияда құнды ойлар айтылды. Әсіресе бірінші спикер Еркін Тұқымов жақсы ойларын ортаға салды. Өзіме түртіп алып та отырдым. Дегенмен шашыраңқылау болды. Оның үстіне шара QAZAQFORUM деп аталғандықтан, бірінші панельдік сессияның қазақ тілінде басталмағаны біраз адамның шымбайына батты. Әріптертермен әңгіме барысында он әріптестің алтауы осы нәрсені айтып қалды. Екінші панельдік сессияда нағыз сол саланың майталмандары сөз сөйлегендіктен, олардың кликбейт, хайпқа байланысты жалпы әлеуметтік желінің статусы мен дәстүрлі медиа арасындағы қарым-қатынастарына қатысты пікірлері мені қызықтыра алды. Әрине, өзімнің кейбір келіспейтін отырған тұстарым да болғанын да жасырмаймын. «Шын мәнінде бәсекеге қабілетті етіп, сөз еркіндігі мен журналистік ұстанымды ұстанса дәстүрлі медиа да Европадағыдай бірінші орынға шығар еді»,– деп айтқым келіп отырды. Дегенмен, әрине түрлі пікірлер болады. Бұл–жақсы бір ой генерациясына, жаңа пікірлер түюге ықпал еткен пайдалы жиын болды ғой ойлаймын».