Қазақ радиосының алтын үні: Мұхамедәлі Болатұлымен сұхбат

Патриот жаршысы
136

Фото: IG / muhamed_ali_bolatuly

Қазақ тілі – жүректен жаралған, ұлттың үнімен үндескен, жаратылысы бөлек қасиетті тіл. Бұл тіл – бесіктен тербетіп, жүректі елжіретіп жеткен ананың әлдиі, желдің сыбыры мен даланың тынысындай мөлдір әуез. Осындай шұрайлы, құнарлы тілді сезініп, шын болмысымен түсіну үшін жай ғана құлақ емес, сезімтал жүрек, сергек сана қажет. Халықтың жанымен біте қайнасып, рухымен үндесіп жатқан қазақ радиосының сыры да осында. Радио – жай ғана дауыс емес, ол – тыңдарманның жүрегіне жол салатын көпір, көрінбейтін тылсым әлем. Осы бір қыр-сыры көп, сырбаз өнер жайында Қазақ радиосының дикторы Мұхамедәлі Болатұлымен сұхбаттастық. Patriot Portaly тілшісіне берген әңгімесінде ол радиодағы үннің тазалығы, сөздің әуезділігі, қазақ тілінің бояуы мен болмысы туралы толғана сөйледі.

– Сіз Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын музыкалық театр актері мамандығы бойынша тәмамдаған екенсіз. Радиожурналистикаға келуіңізге не себеп болды? Дикторлыққа қалай бет бұрдыңыз?

– Мен радиоға дубляждан келдім. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. Онда “Сахна тілі” атты арнайы пән оқытылды. Сол жылы, яғни 2005 жылы оқуға қабылданған соң 3-4 айдан кейін бізді Қазақфильмнің дубляж жұмысына тартты. Содан бастап дауыс өнері менің негізгі бағытыма айналды. Ұлттық арнаның дубляж студиясында жүргенімде Қазақ радиосына диктор қажет деген хабар жетті. 2009 жылы Абайдың өлеңдерін оқып, сол арқылы радиода жұмысымды бастадым. Ол кезде диктор тек мәтінді оқып қана қоймай, өзі жазады, редакциялайды, эфирге де өзі дайындайтын. Радиоға деген махаббатты оятқан – ұстаздарымыз бен алдыңғы буын ағаларымыз. Еділ Анықбай, Бақыт Жағыпарұлы сынды тұлғалар бізге бағыт-бағдар беріп, шабыт сыйлады. Сәуле Құрмантаева, Мақат Садық сынды аға-апаларымыздың да үлесі зор. Сонымен қатар, қасымызда қатар еңбек еткен әріптестеріміздің, ұжымның орны ерекше. 

– Эфир барысында ерекше есте қалған оқиғалар болды ма?

– Өте көп болды. Соның бірі – «мемлекет басшысын» жаңылысып «мектеп басшысы» деп оқып кеткенім. Ол 1 қыркүйек күні еді. Жаңа оқу жылы басталып, таңнан кешке дейін мектептер туралы жаңалықтарды оқып отырғанбыз. Сол күні мемлекет басшысы жаңадан ашылған мектепке баруы тиіс болатын. Бірақ ақпаратты оқып жатқанда, көз де, ой да әбден «мектеп» сөзіне үйреніп қалғандықтан, автоматты түрде «мемлекет басшысы» емес, «мектеп басшысы» деп айтып жібердім. Дегенмен, сана бір сәтте-ақ тез жанданып, іле-шала: «Мектеп басшысы осы орайда президентке ата-аналар мен оқушылардың атынан алғыс білдіріп...», – деп түзеп жібердім. Ондайда дауысың мен түрің сабырлы, сенімді қалпында қалуы керек. Тағы бір қызықты жағдай – Алматы студиясында болған. Ол жерде студияның есігі – ағашпен қапталған ауыр темір есік. Кезекті жаңалық уақыты басталып, музыкалық кіріспе берілді. Сол сәтте студияға кіріп бара жатып, табалдырыққа сүрініп кетіп, қолымдағы сегіз парақтан тұратын жаңалықтар топтамасы жерге шашылып қалды. Амал жоқ, микрофонды төмен түсіріп, бір қолыммен парақтарды жинап, екінші қолыммен оқып жатқан ақпарымды жалғастыруға тура келді.

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сөз өнеріне терең анықтама берген. Осы орайда, қазақ тілінің әуезділігі туралы сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Жалпы, жер бетінде “менің тілім — сорлы тіл” дейтін бірде-бір ұлт жоқ. Тіпті санаулы адам ғана сөйлейтін тілдің өзі – адамзат үшін құнды. Сол себепті әр тіл әуезді, әр тіл – қасиетті. Бірақ соның ішінде қазақ тілі — ерекше құбылыс. Оның лексикасы, грамматикасы, морфологиясы, орфографиясы — тілдік сауаттылықтың бір әлемі десек, орфоэпиясы, яғни тілдің айтылу мәнері — нағыз әуезділіктің көрінісі. Қазақ тілінде мінез бар. Ол – қылыштың қылыш екенін, мақтаның мақта екенін дауыс ырғағымен естірте алатын тіл. Эмоцияға бай, тіпті махаббаттың тілі деп саналатын француз тілімен қатар тұра алады, ал әсерлілік жағынан араб немесе жапон тілдерінен де кем емес. Бұл — Ахмет Байтұрсынұлы атамыз “Әдебиет танытқышында” жазып кеткен тілдің табиғи саздылығы. Мәселен, Потаниндер қазақ даласына келіп, қазақтың сөзі мен үнінің әсеріне таң қалған. Ал мен болсам, үнемі “Алтын қордағы” Байжанбаевтар мен басқа да алдыңғы буын ақсақалдарды тыңдаймын. Олардың дауысында даланың сазы бар. Көп адам оны “гүріл” деп қабылдайды, шын мәнінде ол — қазақ үніне тән әуез. Бұл — қазақ тілінің ішкі сазы, табиғи болмысы. Осыған зер салып, терең түсінген адам үшін қазақ тілі – нағыз әуездің алтын арнасы.

– Сіздің ойыңызша, қоғамда қазақ тілі толық қалыптасты ма?

– Бір қызығы, әр адам қоғамды өзінің өмір сүріп отырған ортасы арқылы танып-біледі. Мәселен, менің айналамда өзге тілде сөйлейтін адам жоқ. Сондықтан мен үшін қоғам – жүз пайыз қазақ тілінде сөйлейтін кеңістік секілді. Ал енді біреу айтады: “Аулаға шықсаң, үзіліс кезінде балалардың барлығы орыс тілінде сөйлесіп жатады” деп. Ондай уәж де бар. Ішіңмен оны сезесің, бірақ өз көзіңмен көріп, күнделікті бетпе-бет келмеген соң, байқай бермейсің. Дегенмен, соңғы жылдары қазақ тіліне деген құмарту, оған қарай ұмтылу – айқын байқалып тұр. Бұл — қуанарлық жайт. Демек, бұл тіл жойылмайды. Бұл тіл – дами береді. Бірақ ол өздігінен емес, ең алдымен сол тілді тұтынушы адам арқылы дамиды. Қазақ тілінің тірегі – қазақтың өзі. Сондықтан, алда ұлт бар жерде, қазақ бар жерде — қазақ тілінің дамуы да заңдылық. Иә, “болашағы бұлыңғыр” деп кесіп айту – қате. Бірақ “болашағы баянды екен” деп арқаны кеңге салып, жайбарақат жүре беру де дұрыс емес.

– Бүгінгі жас буынға қандай бағыт-бағдар, ақыл-кеңес айтқан болар едіңіз?

– Мен жастарға кеңес бермеймін. Бергем де жоқ. Себебі қазір жиырмадағы жас – оқуын аяқтап жатқан уақыт. Ал мен ол шақтан өткеніме жиырма жылдан асты. Бұл – екі бөлек дәуір, екі түрлі мектеп. Есептесек, әрқайсысы он бір жылдық бір-бір мектеп секілді. Менің бүгінгі өмірден түйгенім – олардың заманына жеткенше өзектілігін жоғалтады. Әр буын – өз дәуірімен жарысады. Бүгінгі жастың жарысы – технологиямен. Сіз, мысалы, телефоныңызбен-ақ сұхбат жазып отырсыз. Ал біз кезінде маранс көтеріп, иыққа асып, микрофоны мен бөлшегі бөлек диктофонмен жүретінбіз. Сондықтан әр адам өз заманының үдесінен шығуға тырысады. Кеңес – ол бір кезеңнің шындығы, ал уақыт үздіксіз өзгеріп отырады. Ақпарат ескіреді, жаңалық озады. Бұл – мыңдаған жыл бұрынғы мысырлық папирустарда да жазылған шындық. Кім озса – аспанға, Марсқа ұшады. Кім қатар жүрсе – өз жолын табады. Ал кім артта қалса – амал жоқ, сол қалыпта қала береді.

– Көп жағдайда аға буын "болашақ – жастардың қолында" деп үміт артады. Ал сіздің ойыңызша, радионың келешегі де жаңа буынға байланысты ма?

– Меніңше, ешбір саланың болашағы тек жастардың қолында емес. Әр саланың болашағы – дәл қазір сол салада еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысына, жауапкершілігіне байланысты. Жастар – болашақты баянды ететіндер емес, сол болашаққа бағыт алғандар. Ал бүгінгінің ауыр жүгін көтеріп тұрған – қазіргі кәсіби буын. 

– Қазақ тілінің әуезі мен рухы сіздің үніңіз арқылы талай тыңдаушының жүрегіне жетіп жатқаны анық. Еңбегіңіз жана берсін, даусыңыз әрдайым биіктен естілсін!

Малика Рүстем
тілші