Жыл басындағы Үкімет отырысында не айтылды?

Ақорда ресми сайты
28-қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Президент кезекті отырыста басты бағыттарды айқындап, мәселелер мен оның шешу жолдарын атап айтты. Инфрақұрылым жобалар, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері туралы сөз етілді.
«Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп.Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді «орта держава» ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс».
Президент экономиканы әртараптандыру бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асып,жалпы құны – 1,3 триллион теңге құрағанын айтты.Бұл саладағы өсім 6 пайызға жуықтап, соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Ел экономикасына ішкі туризмнің маңызды екеніне ерекше тоқтала кетті.
«Келесі кезек күттірмейтін мәселе. Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет.Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер»,-дейді мемлекет басшысы.
Келесі мәселе ретінде мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі керек екені айтылды. Шын көмекке мұқтаж адамдарға берілуге тиіс деді.
«Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес. Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет».
Жаһандық электронды сауда-саттық көлемінің артуы біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан ел экономикасын дамытуға зор ықпал ететін осы үрдісті толық пайдалану керек.
«Қазақстанға озық логистика жүйесі қажет. Қазіргі халықаралық нарықтың ерекшеліктерін ескерсек, бұл стратегиялық сипатқа ие міндет саналады. Автокөлік тасымалына арналған «жасыл дәліздің» тиімді қызметін қамтамасыз ету маңызды. Бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөндеу жұмысын уақтылы аяқтау керек. Біз автокөлік тасымалының әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқпыз. Заманауи технологияларды енгізбейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс»
Президент ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге де тоқталды.
«Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар. Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет.Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын»,-деді.
Денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту маңызды. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалған. Мемлекет басшысының айтуынша, жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады.
«Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ. Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын»,- деді Президент.