Сарбаздарға арналған мамандыққа бейімдеу кезеңі басталды

Патриот жаршысы
106

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектерінде жауынгерлік оқудың кезекті кезеңі – мамандық бойынша дайындық басталды. Бұл сабақтар арнайы оқу кестесіне сай ұйымдастырылып, әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған.

Мамандыққа бейімделуге 20 мыңнан астам келісімшарт негізіндегі әскери қызметші мен сарбаз тартылды. Оқу үдерісін сапалы жүргізу мақсатында тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен 2000-нан аса оқу тобы құрылды.

Дайындық барысында негізгі назар сарбаздардың танк командирі, бөлім командирі, БМП командирі, есептоп пен экипаж басшысы сияқты лауазымдарды меңгеруіне аударылып отыр. Сонымен қатар, әскери қызметшілер танк көздеуші-операторы, ұшқышсыз ұшу аппараты операторы, радиациялық-химиялық қорғаныс, байланыс және радиоэлектрондық күрес мамандықтары бойынша дағдыларды да игеруде.

Сабақтар кезең-кезеңімен өткізіліп, әр кезеңде әскери қызметшілер нақты білім мен практикалық дағдыларды меңгереді. Бөлімшелердегі дайындық командирлер мен сержанттардың басшылығымен, жауынгердің лауазымдық міндеттеріне сай ұйымдастырылады.

Мамандық бойынша дайындық 4 шілдеге дейін жалғасады. Соңында жауынгерлік даярлық пәндері бойынша бақылау сабақтары өткізіліп, әскери қызметшілердің білім деңгейі бағаланады.

Малика Рүстем
тілші