Президенттің жылашар сұқбаты жарық көрді

Патриот жаршысы
1260

Ақорда ресми сайты

2025 жылғы 3 қаңтарда «Ана тілі» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық, саяси, әлеуметтік тақырыптарды қамтыған кең көлемді сұқбаты жарық көрді. Мемлекет басшысы берген сұқбатында мемлекеттік түрлі мәселелер мен халық көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. 

"Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу. Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді".

Мемлекеттік тіл мәселесі туралы да ой қозғалды.

"Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді",– дейді Президент.

Дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл болса, соның үш мыңнан астамы жойылудың аз-ақ алдында тұр.  Президенттің сөзінше қазақ тілі 2024 жылы әлемдегі ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтаған.  

"Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады",– дейді.

Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді дамыту үшін сұранысқа ие контентті қазақ тілінде жасау керек дейді. Оған шығармашыл жастардың ықпалы зор екенін де атап өтті.  

"Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек". 

"Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні".

Президент елімізде дарынды, білімді жастардың көп екенін және оларға әрдайым сенетінін айтты. Кеңесімен де бөлісті.

"Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын".

2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, жастарға қолдау беруді көздейтінін жеткізді.

"Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Бұл ретте мен осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек. Экономиканың көптеген саласында жұмыс қолы жетіспейді. Жұмысшы мамандықтар мол әрі тез табыс табу тұрғысынан қызықтыра қоймауы мүмкін. Бірақ бұл мамандықтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына да, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорындарды аралаған кезде жастарды жиі жолықтырамын. Олардың арасында жұмысшы әулеттерінің өкілдері көп екені көңіл қуантады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу. Мен бұл шаруамен үнемі айналысамын", – дейді мемлекет басшысы.

Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алатынын  атап өтті.

"Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған. Оның ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыс­тары жалғаса береді. Б.Момышұлының – 115, М.Ғабдуллиннің – 110, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді. Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз", – дейді Тоқаев.

Дариға Нысанқұл