«Елдік рухым – домбыра»: 500 жас домбырашы өнер көрсетті

Фото: Жастар рухы
Астанадағы Орталық саябақта орналасқан «Амфитеатр» сахнасында «Елдік рухым – домбыра» атты гала-концерт өтті,–деп хабарлайды Елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елорда тұрғындары мен қала қонақтарының ыстық ықыласына бөленген кеш «Ұлттық домбыра күні» мерекесінің аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның ұйымдастырушысы – Астана қаласының әкімдігі, «AMANAT» партиясы және партия жанындағы «Jastar ruhy» Жастар қанаты қоғамдық бірлестігі.
Алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды іс-шарада Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтау сөз сөйлеп, «Ерке Есілдің жағасында аталып өтіп отырған Домбыра күні ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылығымызды жас ұрпаққа паш ететінін айтып, «қара шанақты домбырамыз әр шаңырақты қоңыр үнімен қуанышқа бөлей берсін!» - деп тілек білдірді. Кештің қадірлі қонақтары ретінде шақырылған AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Мәдениет басқармасының басшысы Жанабай Мейрманкулов жылы лебіздерін жолдады.
Атаулы мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін арттыра отырып, оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, өресі биік ұрпақтарды тәрбиелеу. Қазақтың киелі аспабы саналатын домбыраға ерекше құрметпен қарап, ұлттық өнерімізді дәріптеу және ұлттық рухымызды ояту.
Ибрагим Ескендір және «Алтын домбыра» өнер мектебінің қатысуымен өткен гала-концертте 500 өнерпаз күй тартып, 1 200-ге жуық көрермен концертті тамашалады. Домбырашылар Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Адай», «Еркесылқым», «Әке» толғауы сынды күйлерді орындады. Одан бөлек «Алтын домбыра» мектебінің негізін қалаушы Ибрагим Ескендір жас өнерпаздармен бірге «Келіншек», «Тепеңкөк», «Машботой», «Науаи», «Аққу» , «Қара жорға» ,«Жантаза», «Жорықта»,«Ыңғайтөк», «Жауға» ,«Секіртпе» ,«Бозайғыр»,«Балапан қаз»,«Күй шашу» секілді қазақтың керемет күйлерін шертті. Патриоттық әндердің орындаушысы «Сауыт» атты жаңа әнінің тұсауын кесіп, «Отан қымбат», «Көк тудың желбірегені» әндерімен көрермендердің рухын көтерді.
Кеш қонағы ретінде белгілі қоғам қайраткерлері мен қоғам белсенділері және спортшылар қатысты. Олардың қатарында Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ерлан Дакенов, масрестлингтен әлем чемпионы, спортшы Темір Спатаев, ақын Қазыбек Батыр және «Жастар Рухы» Жастар қанаты, Жастар театры ұжымы, "Төрт Түлік" ұлттық дүкенінің негізін қалаушы Қияс Жомарт, Ironman чемпионы Берік Молдабаев режиссер Байкал Өнерқан, «Хас Батыр» спорт клубы мен «Алтын Домбыра» өнер мектебінің тәрбиеленушілері мен ата-аналары бар.
Қазақтың қара домбырасы әр шаңырақтың төрінде ілулі болсын! Күйіміз күмбірлеп, даңқымыз арта берсін!