Астанада жаппай велошеру өтеді

Астана қаласының әкімдігі
25 мамыр күні елордада «Астана – есірткісіз қала» ұранымен жаппай велошеру өтеді. Бұл шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеп, қоғам назарын маңызды әлеуметтік мәселелерге аудару, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Велошеру 25 шақырымды құрайтын арнайы маршрут бойынша өтеді. Қатысушылар Қосшы бағытындағы айналма веложолдан басталып, Ильинка (Үркер) тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетеді.
Іс-шараға қатысу тегін. Тіркеу сол күні, 25 мамырда, сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін жүргізіледі. Велошеру сағат 09:00-де басталады. Қатысушылар өз велосипедтерімен келіп, тіркеу кезінде медициналық анықтама ұсынуы қажет.
Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Мәдина Айтқалиеваның айтуынша, бұл – жарыс емес, кез келген қала тұрғыны мен қонағы қатыса алады.
«Бұл – баршаға арналған ашық мерекелік шара. Жасқа шектеу жоқ. Ең бастысы – қатысушылардың денсаулығы жақсы болуы тиіс. Қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын белсенді қатысуға шақырамыз», – дейді ол.
Шара соңында қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, бағалы сыйлықтар табысталады.