Абай облысында батыр полицейлермен кездесу өтті

Патриот жаршысы
130

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі

Абай облысында ерлікпен көзге түскен полиция қызметкерлерімен тағылымды кездесу өтті. Шараға батыр полицейлер мен олардың арқасында өмірі сақталған азаматтар, сондай-ақ жас тәртіп сақшылары қатысты.

Кездесу барысында түрлі қиын сәттерде жанқиярлықпен әрекет еткен полицейлердің оқиғалары айтылып, олардың адам өмірін сақтап қалудағы ерлігі көпшілікке үлкен әсер қалдырды.

Семей тұрғыны полиция аға лейтенанты Ертай Канафиннің таңғы бесте тұтанған өрт кезінде тұрғындарды оятып, оларды қауіптен құтқарған ерлігі туралы баяндады. Ал арнайы жедел әрекет ету жасағының мүшелері — Әділ Құсман мен Нұрлыбек Менкешев көпқабатты үйдегі өрт кезінде үш адамды аман алып қалып, газ баллонын сыртқа шығарып, үлкен жарылыстың алдын алған. Олар бұл ерлігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, Асхат Ахатовтың ерлігі ерекше аталды. Ол кішкентай қызды қудалаған күдіктіні ұстау кезінде пышақ жарақатын алып, қауіпті қылмыстың жолын кесті. Батырлығы үшін мемлекеттік марапатқа ие болғанымен, өкінішке қарай, кейін жол апатынан қайтыс болды. Жиналғандар батыр полицейдің есімін үнсіздікпен еске алды.

Өткен жылы Абай облысының тәртіп сақшылары 12 адамның өмірін сақтап қалған. — «Бүгінгі кездесудің тәрбиелік мәні зор. Бұл — нағыз ерлік пен адал қызметтің көрінісі», – деді Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрайымы Раиса Қосубаева.

Малика Рүстем
тілші