Кемеңгердің сөзі – мәңгілік мирас

tengrinews.kz
Ұлт руханиятының алып бәйтерегі, адамзат өркениетіне қазақ атынан үн қосқан кемеңгер, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлына биыл 180 жыл. Бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де, Абайдың сөзі күнін жоғалтқан жоқ, керісінше, сайын далада сәулесі сөнбеген шамшырақтай елдің жолын жарық қылып келеді. Абай - бір дәуірдің емес, бар дәуірдің жыршысы. Ол - уақыттан биік тұлға. Қай заманда болмасын, оның қаламынан туған әрбір жол адамға адам болудың, елге ел болудың мәңгілік өлшемін ұсынып тұрады.
Қазақ халқының сан ғасырлық ауыз әдебиеті мен көне жырларының, шешендік дәстүрінің, шежірелік зердесінің, ұлттық рухының тоғыса келіп, бір арнада тұнып қалған көркемдік кемелдігі - Абайдың бойынан табылды. Шыңғыс тауды жайлаған Тобықты елінде туып, баба сөзін Зере әжесінің әлдилі әңгімелерінен тыңдап өскен бала Абай кейін адамзат баласына ортақ рухани кеңістікке айналды. Оның әрбір ойы, әрбір өлеңі - терең, тұңғиық, шыншыл әрі жалғыз қазаққа емес, күллі адамзатқа ортақ.
Ақынның алғаш сауатын ашқан ортасы - дала мектебі. Ол туған ауылындағы молдалардан дәріс алып, кейінірек Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқыды. Онда үш жыл білім алып, араб, парсы тілдерін меңгерді. Бірақ Абай үшін ең үлкен мектеп - өмір мен кітап еді. Шығыстың Низами, Хафиз, Сағди, Науаи сынды даналарының ғибраты мен орыс классиктері Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин шығармалары оның ой көкжиегін кеңейтіп, жүрек көзін ашты.
13 жасында әкесінің тапсырмасымен ел ісіне араласып, би-болыстың тартысына тап болды. Бірақ ел ісіндегі беделін, парасат-пайымын бірден танытты. Оның өмірбаянындағы 1885 жылғы 93 баптан тұратын "Семей казақтары үшін қылмыстық істерге карсы заң ережесін" үш күнде дайындауы - ел басқарудағы даналығының дәлелі. Алайда ел ісіне араласу Абайға тек жеңіс емес, жау да, жала да әкелді. Ол араздықтың, күншілдіктің, қастандықтың неше атасын көрді. Бірақ рухы сынған жоқ. Сол күрестерден өтіп, халыққа қаламмен қызмет етудің маңызын түсінді. Ел ісінен шеттей отырып, жүректің сөзін айтуды жөн көрді.
Абай - қазақтың жүрегіне өлеңімен ғана емес, ойымен де енген ақын. Оның қаламынан туған «Қансонарда», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай» сынды туындылары - ұлттық лириканың шоқтығы биік жауһарлары. Бұл өлеңдерде қазақ табиғаты, даланың болмысы мен адамның ішкі әлемі астасып жатады. Абай өлеңі - эмоция емес, естілік. Онда айқай да жоқ, даңғаза да жоқ - тек жүрек бар, терең ой бар, шындық бар.
Абай - қазақ поэзиясының тілін тазартты, сөзін жаңартты. Ол терең философиялық пайыммен халыққа «өз ішіңе үңіл» деді. Оның «Қара сөздері» – көркемдік құрылымы күрделі емес, бірақ мағынасы мың парақты ойға татитын асыл мұра. Бұл сөздерден халықтың тарихы, болмысы, болашағы, тәрбиесі, санасы, ділі мен діні, бәрі-бәрі көрініс табады. Абайдың басты зерттеу нысаны - адам. Ақын «толық адам» ұғымын ұсынды. Оның танымынша, адам болу үшін жүрек тазалығы, білім, еңбек, сабыр, рақым, мейірім - бәрі бір арнада тоғысуы қажет.
Абайдың мұрасы кеңістікпен шектелмейді. Оның шығармалары көптеген шет тілдерге тәржімаланды. Қытайда - Ха Хуан Жан (Хабай), Францияда - Ғалымжан Мұқанов, өзге де әлем елдерінде жүздеген зерттеуші ақын шығармаларын аударды. Бұл - Абайдың даналығының адамзаттық сипат алғанының дәлелі. Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Абай - қазақтың бас ақыны» мақаласы бұл бағыттың бастауы болды. Кейін Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбановтар Абайдың поэзиясын, болмысын терең талдауға кірісті.
Абайтану ғылымын жүйелеген, тереңдеткен, классикалық деңгейге жеткізген тұлға – Мұхтар Әуезов. Оның «Абай жолы» эпопеясы қазақ әдебиетін әлемге әйгілі етіп, Абайдың бейнесін рухани символға айналдырды. Әуезов Абайды тек көркем шығарма кейіпкері ретінде емес, тұтас дәуірдің рухани темірқазығы ретінде көрсетті. Осы арқылы Абай - қазақтың ғана емес, күллі адамзаттың рухани абызына айналды.
Бүгін біз Абайға қайта оралып, қайта жаңарып отырмыз. Ол - біздің өткеніміз бен болашағымызды жалғайтын алтын көпір. Абайдың сөзі - ұлтқа бағыт, адамзатқа өнеге. Ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойы - тек құрмет көрсету емес, Абай аманатын ұғынып, оны өмірімізге өзек етуге шақырған ұлы сәт.
Ұлы бабамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп еді. Бұл - әр қазаққа айтылған ұлағатты үндеу. Ендеше, Абайды ұғынайық. Абайды оқиық. Абаймен өмір сүрейік.