«Oskemen Open 2025»: Ертіс жағалауындағы ой серпіні

Патриот жаршысы
32

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Өскеменде халықаралық деңгейдегі ірі шахмат фестивалі - «Oskemen Open 2025» басталды. Бір апта бойы қала нағыз шахмат орталығына айналып, әлемнің таңдаулы шеберлері мен болашағынан зор үміт күттіретін жас дарындарды қабылдап отыр. Бұл - Қазақстан Кубогының екінші кезеңі әрі елде шахматқа деген қызығушылықтың артуының айқын көрінісі.

Фестивальдің алғашқы күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жарыс залдарын аралап, шахматшылармен тілдесті. Өңір басшысы шахматтың жастар үшін тәрбие мен терең ойлаудың мектебі екенін атап өтті:

- Мұндай додада аға буынмен қатар жас спортшылардың бақ сынауы – зор қуаныш. Шахмат адамды сабырлыққа, логика мен жүйелі ойлауға баулиды. Бұл – болашаққа қажет қасиеттер, – деді ол.

Биылғы турнирге 20 елден 79 ойыншы қатысуда. Олардың қатарында 21 халықаралық гроссмейстер, 35 шебер, және де ерекше назар аударған - 11 жастағы аргентиналық Фаустино Оро. Ол – тарихтағы ең жас халықаралық шебер. Қазақстан сапынан жарысқа Денис Махнёв, Алишер Сулейменов, Ксения Балабаева сынды атақты шахматшылармен қатар жасөспірімдер де қатысып жатыр. Олар «Masters», «Challengers» және «Open» санаттарында бақ сынайды.

Турнирдің жалпы жүлде қоры - 100 000 доллар. Оның ішінде «Masters» санатында - 78 000 доллар, басты жүлде - 18 000 доллар. Сонымен қатар, әйелдер мен қазақстандық ойыншыларға арналған арнайы сыйлықтар да қарастырылған. Фестивальді Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған. Оған ҚР Туризм және спорт министрлігі, ШҚО спорт басқармасы, Freedom Holding Corp., Grand Mobile, «Казцинк» және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ қолдау көрсетіп отыр.

Маусымда Ақтөбеде өткен алғашқы кезеңнен кейін шахмат алауын Өскемен қабылдап алды. Келесі кезең тамызда Алматыда өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар Қазақстанда шахмат өнерінің дамуына тың серпін береді.

Апта бойы бүкіл шахмат әлемінің назары Өскеменде. Ал жанкүйерлер үшін барлық ойындар онлайн трансляция арқылы қолжетімді болады.

Малика Рүстем
тілші