ӘДІЛ БАЛТАБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ

Патриот жаршысы
49

15 шілде күні елорда төрінде Әділ Балтабаевтың жеке шығармашылық кеші өтті.

Кештің алғашқы бөлімі Әділдің жүрек түбінен шыққан монологымен басталды. Ол бала күнгі армандарынан бастап, өнер жолындағы ізденісін көрерменмен бөлісті. Екінші бөлім көрерменмен еркін сұхбат форматында өрбіді. Көрермен көкейіндегі сауалдарын қойып, сүйікті өнер иесінің шынайы жауабын естіп, бұрынғыдан да жақын тартып, танысқандай күй кешті.

Үшінші бөлімде белгілі блогер, кәсіпкер Арман Юсупов Әділден сұхбат алды. Бұл сұхбат – жай ғана журналистік әңгіме емес, өнердің терең иірімдерін қозғаған шынайы сырласу болды. Әділ Балтабаев шығармашылықтағы шеберлік пен шабыт туралы, өнердегі жауапкершілік пен журналист ретіндегі еңбегі жайлы ой өрбітті.

Ал соңғы бөлім – достықтың, сыйластықтың, шығармашылық тандемнің айғағындай әсерлі сәтке айналды. Әділдің өнердегі серіктестері – Арман, Темірлан Бейсенбай, Қазыбек Құрайыш сахна төріне көтеріліп, көрерменмен ашық әңгімелесті. Олар да көрерменнің сұрақтарына жауап беріп, естеліктерімен бөлісіп, кешті шынайы, жылы естеліктермен түйіндеді.

Кеш бойы Әділдің жүрегінен туған әндер орындалып отырды. Әрбір ән – өз алдына хикая, өз алдына сыр. Әуен мен сөз үйлесім тауып, көрерменнің жан дүниесіне жол тапты. Әділдің әуезді даусы мен әндерінің әсерлілігі тыңдарманды бірде тербеп, бірде тебірентіп отырды.

Бұл кеш – өнерге адалдықтың, жүрекпен айтылған әннің, рухани жақындықтың үлгісі болды. Әділ Балтабаевтың шығармашылығына арналған бұл ерекше кеш көрерменнің жүрегінен орын алып, көпке дейін ұмытылмас әсер сыйлады.

Малика Рүстем
тілші