«Дарбаза» полигонындағы ұрыс машығы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Шымкент гарнизонының механикаландырылған бригадасы «Дарбаза» оқу-жаттығу полигонында жауынгерлік атыс бойынша әдістемелік нұсқау сабақтарын өткізді. Жаттығуға взвод командирлері мен бөлімше басшылары қатысты.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – командирлер мен жеке құрамды штаттық қару-жарақты тиімді пайдалана отырып, шебер ұрыс жүргізуге үйрету. Бұл туралы екінші мотоатқыштар батальонының командирі, майор Азамат Қуатов:
«Бөлімшені дұрыс басқару — тапсырманы сәтті орындаудың кілті», – деп атап өтті.
Сабақ барысында әскери қызметшілер заңсыз қаруланған топтың шабуылына қарсы әрекет етуді пысықтады. Жаттығулар шынайы жауынгерлік жағдайға барынша жақын жағдайда өтті.
Мотоатқыштар ротасының командирі, аға лейтенант Бегжан Ибрагим:
«Жеке құрам қойылған міндеттерді жақсы деңгейде орындап шықты», – деді.
«Дарбаза» полигонында күндізгі және түнгі уақытта 50-ден астам жауынгерлік атыс сабағы жоспарланған. Оның 30-дан астамы екіжақты ұрыс түрінде өтіп, бөлімшелер шартты қарсыластың белсенді шабуылына қарсы үйлесімді іс-қимылдарды іске асыруда.
Мұндай жаттығулар әскери бөлімдердің ұрысқа қабілеттілігін арттырып, жауынгерлік үйлесімділікті нығайтудың тиімді құралына айналып отыр.