БАКУ ТӨРІНДЕ - «ДОС-МҰҚАСАН»

Патриот жаршысы
23

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

Әзербайжан астанасы Баку қаласында Қазақ киносының айлығы бастау алды. Ашылу салтанатында көрермендерге Айдын Сахаман түсірген «Дос-Мұқасан» музыкалық драмасы ұсынылды. Туынды - қазақ рок музыкасының негізін қалаған, елге кеңінен танымал «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармашылық жолына арналған.

Мәдени іс-шара аясында әзербайжандық өнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастырылып, бұл кеш қазақ пен әзербайжан халықтарының рухани жақындығын айқын көрсетті.

Салтанатты кешке Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, зиялы қауым өкілдері, дипломаттар, БАҚ өкілдері және Бакуде тұратын қандастарымыз қатысты.

Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Сценарий авторы - Ефрат Шәріпов, продюсер - Айгүл Байбек.

Кинотуындыда политехникалық институт студенттерінен құралған ансамбльдің өмірі мен өнерге деген сүйіспеншілігі, кеңестік жүйедегі қиындықтар, қысым мен тыйымдар көрініс табады. Актерлік құрам ансамбльдің нақты мүшелерінің бейнесіне сай таңдалған. Шынайылықты сақтау мақсатында ансамбльдің негізін қалаушылар Мұрат Құсайынов пен Досым Сүлейменов кеңесші ретінде шақырылған.

Қазақ киносы айлығы барысында Бакуде еліміздің заманауи кино өнерін таныстыратын басқа да фильмдердің көрсетілімі жоспарланған. Бұл - қос ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған маңызды бастама.

Малика Рүстем
тілші