Жасөспірімдердің қауіпсіздігі назарда

Шымкент қаласының әкімдігі
Шымкент қаласының Әл-Фараби және Тұран аудандарында кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында түнгі профилактикалық рейд өтті. Шараға аудандық прокуратура, Полиция департаменті, әкімдік пен Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты.
Рейд барысында мамандар түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерге ерекше назар аударды. Сондай-ақ ойын-сауық орындарын тексеріп, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Әл-Фараби ауданындағы Арбат демалыс аймағы мен ойын-сауық нысандарын аралау кезінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 441-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық орында темекі шеккен азаматқа хаттама толтырылды. Сонымен қатар заңды өкілінсіз түнгі уақытта жүрген кәмелетке толмаған бір тұлға жауапкершілікке тартылды.
Тұран ауданындағы Alligator және Top E-Sports Arena ойын мекемелерінде де осындай заңбұзушылықтар анықталды: бір азамат қоғамдық орында темекі тұтынғаны үшін әкімшілік жазаға тартылса, тағы бір жасөспірімге қатысты ҚР заңнамасын бұзу дерегі тіркелді.
Рейд барысында жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына ҚР заңдары түсіндіріліп, арнайы ескерту парақшалары таратылды. Жастар инспекторлары мен әлеуметтік қызметкерлер тарапынан құқықтық кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды. Мұндай түнгі рейдтер қала аумағында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мақсат - жастардың бос уақытын қауіпсіз әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасау және ерте кезеңде құқықбұзушылықтың алдын алу.