Щучинскіде техникалық мамандардың республикалық слеті өтуде

Патриот жаршысы
49

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

Щучинск қаласында еліміздің барлық өңірінен келген техникалық және кәсіптік білім алушылардың басын қосқан Республикалық слет басталды. Үш күндік жиынға 100-ден астам белсенді де болашағынан зор үміт күттіретін жас маман қатысуда. Мақсат — жастардың кәсіби дағдыларын дамытып, оларға мотивация беру.

Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Слет барысында Ермек Көшербаев қатысушыларға сәттілік тілей отырып, жұмысшы мамандықтарының маңызын ерекше атап өтті:

-Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл бастама — жұмысшы еңбегіне деген құрметті арттырып, қоғамдағы стереотиптерді бұзу жолындағы нақты қадам. Қазіргі заманның жұмысшысы — технологияны меңгерген, елдің индустриялық дамуына үлес қосатын білікті маман. Сондықтан мемлекет осы бағыттағы қолдауды күшейтіп жатыр.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та сөз сөйлеп, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңғырып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан шетелдік серіктестермен бірге 10 халықаралық жобаны іске қосуда. Колледждер алғаш рет халықаралық стандарттар бойынша сертификатталып, студенттер жаһандық нарықта өз құзыреттерін дәлелдеу мүмкіндігіне ие болмақ.

Жыл басынан бері 8 мыңнан астам кәсіби бағдар беруші педагог даярланып, 700-ге жуық бейінді сынып ашылмақ. Қазірдің өзінде 352 сынып жұмыс істеп тұр, 1300 мектеп оқушысы жұмысшы дағдыларын меңгеріп үлгерген. Студенттерге тәлімгер болатын кәсіпорындар саны 7 есе өсіп, 18 мыңға жетті. Сонымен қатар 185 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жатақханамен қамту деңгейі 96%-ға жетпек.

Слетке қатысып жатқан жастардың бірі — Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Аяла Байболат:

Президент жұмысшы мамандықтар жылын жариялағанда, өзіміздің еңбегіміздің маңыздылығын шын сезіндік. Қазіргі колледждер — нақты мүмкіндік алаңы. Біз халықаралық тағылымдамаларға қатысып, кәсіби шеберлігімізді жетілдіруге жол ашып жатырмыз. Бұл — үлкен қолдау.

Слет аясында қатысушылар мотивациялық кездесулерге, шеберлік сабақтарына, командалық ойындар мен мәдени-спорттық шараларға қатысады. Іс-шара 24 шілдеге дейін жалғасады. Айта кетейік, елімізде 772 колледж жұмыс істейді, онда 550 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Жұмысшы мамандықтарының қайта жаңғырып, қоғамда өз орнын табуы — техникалық білімнің болашағы жарқын екенін көрсетеді.

Малика Рүстем
тілші