Абай жолымен: 180 шақырымдық рухани сапар

Патриот жаршысы
78

Абай облысының әкімдігі

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ерекше рухани бастама жүзеге асты. Абай облысы мен Есік қаласындағы «Білім-Инновация» лицейлерінің Әкелер кеңесі мен мұғалімдері үш күндік тарихи-танымдық сапарға шығып, 180 шақырым жолды атпен жүріп өтті. Маршрут - Семей, Бөрілі, Ақшоқы және Жидебай бағытында өрбіді.

Сапар Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі музей-үйінен басталып, қазақы дәстүрмен киіз үй тігіліп, ұлттық тағам әзірленді. Семейлік әкелер есіктік сапарластарға шапан жауып, құрмет көрсетсе, Қоңыр әулие үңгірі басында есіктік ата-аналар да ізеттілік танытты.

Топ Бөріліден Ақшоқыға дейінгі 36 шақырымды атпен еңсеріп, Құнанбай қажының мәңгілік мекеніне барып, Құран бағыштады. Келесі күндері қатысушылар Абай мен оның әулетіне қатысты қасиетті орындарға - Күшікбай бұлағы, Әйгерім бұлағы, Жидебай қорымы, Абайдың мұражай-үйі және Кеңгірбай би кесенесіне ат басын бұрды.

Бұл игі шараны Әкелер кеңесі ұйымдастырды. Мақсат - ұлы ойшылдың рухани мұрасын ұлықтап, жас ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ ата-аналар мен ұстаздар арасындағы рухани байланысты күшейту, ұлттық бірлікті нығайту.

Малика Рүстем
тілші