Жұлдыздарға жол салған: Талғат Мұсабаев

Патриот жаршысы
66

Адамзат тарихындағы ең биік армандардың бірі - ғарышқа самғау. Бұл - тек ғылым мен техника саласындағы серпіліс емес, бұл - рухтың жеңісі, ерік пен ерліктің тұғыры. Қазақ халқынан шыққан сондай қайсар рух иесі, ғарышты бағындырған, көк пен жердің арасын жалғаған Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев еді. 

Талғат Мұсабаев 1951 жылдың қысы қақаған 7 қаңтарында Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Бала күнінен көк аспанға ынтық, ұшқыш болуды арман еткен бозбала Алматыдағы №58 мектепті тәмамдаған соң, ұшқыштар әлеміне бастар алғашқы баспалдақ - Рига азаматтық авиация инженерлері институтына жол тартады. Мұнда ол «Авиациялық радиожабдықтарды техникалық пайдалану» мамандығы бойынша білім алды. Қазақстан комсомолының Қазан аудандық комитетінің хатшысы, кейіннен азаматтық авиацияның саяси тәрбие бөлімінің нұсқаушысы қызметтерін атқара жүріп, өмірлік даңғылын баптай бастады. Бірақ оның жаны жай кеңсе жұмысын емес, биік көкпен сырласуды қалайтын. 

Көкке құштар жүрек оны Алматы әуе клубына алып келді. Осылайша 1984 жылы әуе клубтағы оқуын тәмамдап, 1986 жылы азаматтық авиация ұшқышы деген куәлікке ие болды. 1990 жылы оның ғарышкерлер отрядына қабылдануы - қазақ тарихындағы тағы бір ұлы белестің бастауы болды. Ал 1994 жылдың 1 шілдесінде «Союз ТМ-19» кемесінің борт инженері ретінде алғаш рет көкке самғады. Жерден аттанған қазақтың рухы жұлдыздардың арасында желбіреді. Ғарыш сапары кезінде ашық кеңістікке екі мәрте шығып, батылдық пен білімнің ұштасқан бейнесін көрсетті. Бірақ бұл Талғат Мұсабаевтың жұлдызды жолының бастамасы ғана еді. 1998 жылы ол тағы да ғарышқа аттанды. Бұл жолы ол «Кристалл-1» атағымен танылып, алты рет ашық ғарышқа шықты. 2001 жылы «Союз ТМ-32» кемесінің командирі ретінде үшінші мәрте ғарышқа аттанған Талғат Мұсабаев осылайша барлығы 341 тәулік ғарыш кеңістігінде болды.

Талғат Амангелдіұлы - тек ғарышкер ғана емес, ел мүддесі үшін тер төккен мемлекет және қоғам қайраткері. Оның есімі - Қазақстан ғылымы мен техникасының, ерлігі мен өрлігінің көрнекті символына айналды. Отан алдындағы ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ: ол «Халық қаһарманы», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы», «Отан» ордені, «Барыс» ордені сынды жоғары марапаттарға ие болды. 

2025 жылдың 4 тамызында, қазақтың маңдайына біткен арда ұлы, ұлттың мақтанышы, ғарышты бағындырған алып тұлға Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев дүниеден өтті. 

Адам ғұмыры - аспанға жазылған жұлдыз секілді: жарық шашып, бір мезетте ағып түсер...

Редакция
Patriot Portaly