BaiQymyz” фестивалі рекорд орнатты

Патриот жаршысы
112

Астана қаласының әкімдігі

Елордада алғаш рет ұлттық сусын - қымызға арналған ауқымды гастрофестиваль - «BaiQymyz – бапталған қымыз» бастау алды. Бұл ерекше шара Астананың «Қазанат» атшабарында өтіп жатыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Фестивальдің алғашқы күнінде-ақ тарихи рекорд тіркелді: еліміздің түкпір-түкпірінен 30 тоннадан астам қымыз әкелінді. Мұндай көлемдегі ұлттық сусын бұрын-соңды бір жерде жиналып, көпшілікке ұсынылмаған.

Фестивальге 50-ден астам қымыз өндіруші қатысты. Әрқайсысы 500 литрден астам қымызын алып келіп, қонақтарға ұсынды. Олар өз өнімдерінің баптау тәсілдері мен ерекшеліктері туралы айтып, қымыз өндірудегі тәжірибелерімен бөлісті. Бұл - ұлттық дәстүрді дәріптеумен қатар, ел көлеміндегі рекордтық мәдени оқиға ретінде тарихта қалатын сәт.

19–20 шілде аралығында өтетін фестиваль аясында келушілер қымыздан дәм татып қана қоймай, ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, фольклорлық өнерді тамашалап, қолөнер жәрмеңкесі мен жылқы көрмесіне қатыса алады.

«BaiQymyz» жобасы - қымыз ішу мәдениетін жаңғыртып, жергілікті брендтерді танымал ету мен фермерлік шаруашылықты қолдауға бағытталған игі бастама. Ұлттық дәстүр мен заманауи туризмді ұштастырған бұл шара алдағы жылдары да өз жалғасын табатынына сенім мол.

Малика Рүстем
тілші