Скандинавиялық жүріспен серуенде!

Астана қаласының әкімдігі
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін 6 тамыз бен 5 қазан аралығында Астананың түрлі саябақтарында таза ауада скандинавиялық жүріске арналған тегін жаттығулар ұйымдастырылады. Бұл жоба салауатты өмір салтын насихаттауға және қала тұрғындарының дене белсенділігін арттыруға бағытталған.
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, жаттығуларға жасына және дайындығына қарамастан кез келген адам қатыса алады. Қатысу үшін тіркеу талап етілмейді. Әрбір қатысушыға арнайы жүріс таяқтары тегін беріледі, ал тәжірибелі нұсқаушылар жүріс техникасын үйретіп, топпен бірге белгіленген бағыт бойынша жаттығуды өткізеді.
- Қазір қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Ал скандинавиялық жүріс – қолжетімділігі мен денсаулыққа пайдасы мол болғандықтан, ең танымал бағыттардың біріне айналды. Бұл жоба тек денсаулыққа ғана емес, сергектік пен жақсы көңіл күйге де жол ашады, – деді басқарманың баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Жаттығулар апта сайын сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері сағат 19:00–20:00 аралығында өтеді.
Жаттығу өтетін орындар мен жиналу нүктелері:
-
Сарыарқа ауданы – «Йога» саябағы (Бейбітшілік пен Бұқарбай батыр көшелерінің қиылысы)
-
Есіл ауданы – «Жетісу» саябағы (Шарын шатқалы маңында)
-
Нұра ауданы – Орталық қалалық саябақ (шаңғы-роллер жолы)
-
Алматы ауданы – «Жерұйық» саябағы (Момышұлы көшесі жағынан), Триатлон саябағы (көпір маңындағы полиция пункті)
-
Сарайшық ауданы – Президенттік саябақ (Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, 1Б)
Жаттығу кестесі мен өзге де толық ақпаратты Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми сайтынан немесе Спорттық-бұқаралық іс-шаралар дирекциясының әлеуметтік желілерінен білуге болады.