Шығыс Қазастанда - "Дала күні"

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданы, Винное ауылында ауыл шаруашылығы саласына арналған дәстүрлі «Дала күні» шарасы өтті. Аймақтық деңгейде ұйымдастырылған бұл ауқымды іс-шара аграршыларды, ғалымдарды және агробизнес өкілдерін бір алаңға тоғыстырды.
Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, егіс алқабында өткен көрмеде заманауи агротехнологиялармен және ауыл шаруашылығы техникасының жаңа үлгілерімен танысты. Өңір басшысы мұндай кездесулердің агросаланың дамуындағы маңыздылығына тоқталып, Шығыс Қазақстанның агроөндірістегі орнына ерекше мән берді.
«Дала күні - ғылымды, бизнесті және өндірісті біріктіретін бірегей алаң. Бүгінде Шығыс Қазақстан өсімдік майының 40 пайызын өндіреді. Күнбағыс өңдеуде еліміз бойынша екінші орындамыз. Сонымен қатар, ара шаруашылығы, ет өңдеу және дәстүрлі ауыл өнімдерін дамыту қарқынды жүріп жатыр», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Іс-шараның іскерлік бөлігі ауыл шаруашылығы кешеніндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Жиын барысында цифрлық технологияларды енгізу, маусымаралық қорытындыларды шығару секілді тақырыптар көтерілді.