АЛЖИР ұжымы тазалық эстафетасын жалғастырды

Астана қаласының әкімдігі
Астанада өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өз жалғасын табуда. Бұл жолы игі істің эстафетасын Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінің қызметкерлері жалғады.
Музей басшысы Дәулеткерей Кәпұлы бастаған ұжым тұтқындар жерленген аумақты тазалап, шөптерін шауып, мұсылман және христиан әйелдеріне арналған ескерткіштерді жуып-тазалады. Шара барысында бір минут үнсіздік жарияланып, аруақтардың рухына дұға бағышталды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында музей аумағы мен маңын таза ұстау – біздің парызымыз. Табиғаттың, айналамыздың тазалығы өз қолымызда. Барша қазақстандықтарды туған жерімізді таза ұстауға шақырамын», – деді Дәулеткерей Кәпұлы.
Акцияға 15 қызметкер қатысып, тарихи орынның маңызын дәріптеп қана қоймай, экологиялық мәдениетті насихаттады.