Comic Con Astana-2025

Астана қаласының әкімдігі
Астанада өткен Comic Con Astana-2025 фестивалі өз тарихындағы ең ауқымды әрі рекордтық шараға айналды. Елорда әкімдігі мен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырылған бұл фестиваль биыл алғаш рет бірден екі алаңда - «Астана Арена» және «Барыс Аренада» өтті.
Бес күнге созылған шараға 75 мыңнан астам бірегей келуші тіркеліп, жалпы қатысу саны 120 мыңнан асты. Күніне орта есеппен 13–19 мың адам қатысқан. Шараға АҚШ, Канада, Германия, Корея, Түркия сынды 36 елден 10 мыңнан астам шетелдік қонақ келді.
2019 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Comic Con Astana бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет мерекесіне айналды. Биылғы хедлайнерлер қатарында әлемге әйгілі актерлер - Энди Серкис, Эсай Моралес, Скотт Эдкинс болды. Сонымен қатар «Қағаз үй» сериалын түсірген режиссер, халықаралық продюсерлер, Marmok, Qewbite секілді танымал видеоблогерлер мен атақты косплей шеберлері фестиваль қонақтары қатарында болды.
Шара аясында Қазақстан мен Испанияның бірлескен алғашқы халықаралық жобасы - «Бітім» (La Tregua) фильмі таныстырылды. Бұл жоба Netflix секілді жаһандық стриминг платформаларына жол тартпақ.
Авторлар аллеясы мен жәрмеңке аймағында 150-ден астам қазақстандық жас суретші, комикс авторы, дизайнер және аниматор өз еңбектерін ұсынды. Comic Con Astana - креаторлар үшін шабыт пен серіктестік алаңы екенін дәлелдеді.
Бағдарлама мазмұны ерекше бай болды: жұлдыздармен Q&A кездесулері, шеберлік сабақтары, мерч-зоналар, аниме мен гейм-аймақтар, жүздеген фан-актив шаралар өтті. Басты сахнада 200-ге жуық косплеер қатысқан халықаралық байқау ұйымдастырылып, жүлде қоры 15 млн теңгені құрады. Бұл - ТМД кеңістігіндегі ең ірі косплей байқауларының бірі.
Фестивальдің бас продюсерлері Бексұлтан Абдрахманов пен Наталья Абрашкина Астананың осындай ауқымды шараларды лайықты деңгейде өткізе алатынын атап өтті. Comic Con Astana қазіргі заманғы жастар мәдениетін көпшілікке танытудың, туризм мен креативті экономиканы дамытудың жарқын мысалына айналды.
Наталья Абрашкинаның айтуынша, фестивальге көбіне отбасымен келетіндер көп. Бұл - ата-аналарға балаларының қызығушылықтарын түсініп, бірге уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
Алдын ала есеп бойынша, Comic Con Astana-2025 фестивалінің жалпы медиалық қамтуы 200 миллион адамнан асқан. Бұл Астананың Еуразиядағы креативті хабқа айналғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.