«Ауылдағы бір күнім» жобасы өтіп жатыр

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Бүгін Түркістан облысында Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Ауылдағы бір күнім» байқауы басталды. Тартысты жарысқа 13 топ қатысып, бақтарын сынайды.
Жобаның басты мақсаты – жастар арасында қазақтың төл мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттап, рухани-адамгершілік қасиеттерді дамыту. Ауылдағы тыныс-тіршілікпен таныстыра отырып, елге деген шексіз құрметті ояту.
Байқау Қазығұрт ауданындағы тұмса табиғат аясында өтіп жатыр. Қатысушыларға әсерлі болуы үшін этно-ауыл құрылды.
Жігіттер садақ ату, арқан тарту сияқты ұлттық ойындар бойынша бақ сынаса, қыздар аспаздық қабілеттерін көрсетеді. Олар құрт пен ет қамырын жайып сынға түседі. Соңғы кезеңде зияткерлік ойын ұйымдастырылады, сайысқа қатысушыларға Қазақстанның мәдениеті мен тарихы туралы сұрақтар қойылады.
Жүлдегер командалар ақшалай сыйлықтарға ие болады. Айта кетейік, «Ауылдағы бір күнім» байқауы алғаш рет 2023 жылы өтті.