Бір кеңістікте - Шығыс та, Батыс та

Патриот жаршысы
156

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

2025 жылдың 18 маусымында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде танымал суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нэлли Бубэнің «Мәдениет диалогы. Шығыс - Батыс» атты жеке мерейтойлық көрмесі ашылды.

Көрме - суретшінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолының қорытындысы іспетті. Экспозицияда кескіндеме, графика, коллаж, инсталляция мен станоктық туындылар ұсынылған. Әр шығармада - мәдениеттердің, ұрпақтардың және уақыттың тоғысуы, үздіксіз диалогы бейнеленген.

Көрмеде 80-нен астам туынды қойылып отыр. Автор өз еңбектерінде үш негізгі тақырыпқа тоқталған: мәдени сабақтастық, экологиялық проблемалар және Киелі кітаптың бейнелік желісі. Бұл идеялар терең метафорамен, авторлық ерекше техникалармен бейнеленіп, көрерменді ойға жетелейді.

Нэлли Бубэ үшін «Шығыс - Батыс» - тек екі әлемнің арасындағы көпір емес, бір кеңістікте қатар өмір сүріп, рухани үндестікте болу ұғымы. Суретшінің Ұлы Жібек жолына арналған туындылары тарихи карталардан гөрі, мәдени диалогты бейнелейтін көркем поэтикалық туынды ретінде қабылданады. Онда Еуропа мен Азия халықтарының бейбіт қатар өмір сүру мәдениеті мен рухани тәжірибесінің үндестігі көрініс тапқан.

Нэлли Бубэ - Қазақстан Суретшілер одағы мен Өнер академиясының мүшесі, Ресей Өнер академиясының құрметті шетелдік мүшесі. Қарағандыда дүниеге келген суретші Алматы көркемсурет училищесі мен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында білім алған. Бүгінде оның шығармалары Қазақстандағы және шетелдегі түрлі көрмелерде танылып келеді.

Көрме 2025 жылдың 11 шілдесіне дейін жалғасады. Шығыс пен Батыстың үйлесімді үнқатысуын сурет арқылы сезінгіңіз келсе - музейге бас сұғуға тұрарлық.

Малика Рүстем
тілші