Теміржолдың тірегі – Алмаз

Патриот жаршысы
113

Астана қаласының әкімдігі

Теміржол тізгінін ұстау – жай ғана кәсіп емес, үлкен жауапкершілікті қажет ететін өмірлік миссия. Осы саланың ауыр жүгін абыроймен арқалап жүрген жанның бірі – Астана локомотив пайдалану ісінің бірінші дәрежелі машинисі Алмаз Мырзағазыұлы. Ол – бала күнінен ата жолын қуып, теміржолшы болуды армандаған, бүгінде сол арманын адал еңбекпен жүзеге асырған өз ісінің хас шебері.

Алмаз – бірнеше буын теміржолшылар әулетінің өкілі. Оның үлкен атасы Зейнолла Ниханбаев аты аңызға айналған Түрксіб теміржолының құрылысына қатысқан. Ал атасы Серікқазы Ниханбаев Аягөз теміржолында вагон қараушы болып жұмыс істесе, әкесі Мырзағазы Ниханбаев ұзақ жылдар бойы Семей локомотив пайдалану депосында инженер болып еңбек етіп келеді.

1987 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген Алмаз 2004 жылы мектеп бітіріп, Алматыдағы Қазақ жол қатынастары университетіне түседі. Еңбек жолын Семей қаласында машинистің көмекшісі ретінде бастаған ол, кейін Павлодарда «Тепловоз машинисі» курсын аяқтап, толыққанды машинист ретінде жұмысқа кіріседі. Біліктілігінің арқасында Астана қаласынан шақырту алған ол бүгінде елорданың басты теміржол бағыттарында тепловоз тізгіндеп келеді.

— Жетістікке жету үшін тек білім ғана емес, қажырлы еңбек те қажет. Әр кезеңде машинист дәрежесін арттырып, түрлі сынақтардан сүрінбей өттім. Ақыры 2019 жылы бірінші дәрежелі машинист атандым, – дейді Алмаз.

Бүгінде ол жас мамандарды тәрбиелеуге де белсене атсалысып жүр. Ауа райы қандай болса да, тәулік бойы жұмыс істеуден шаршамайтын теміржолшы үшін басты міндет – жолаушылар мен жүкті діттеген жерге аман-есен жеткізу.

— Локомотив бригадасы – жауапкершілігі зор топ. «Қазақстан теміржолы» – ел экономикасының күретамыры. Біз де сол жүйенің бір бөлігі ретінде қолдан келгенше еңбек етеміз. Бейнеттің зейнетін көру үшін аянбай тер төгу қажет, – дейді ол.

Алмаздың жұбайы Какима Мұратқанқызы – Астанадағы Ұлттық статистика бюросында бас маман. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бұл үлгілі отбасы перзенттерін де еңбекқорлыққа, елге адал қызмет етуге баулып келеді. Теміржолшы болу – тек кәсіп қуу емес, ұрпаққа үлгі боларлық жол. Ал Алмаз Мырзағазыұлы осы жолдың биігіне абыроймен көтеріліп келеді. 

Малика Рүстем
тілші