Әскери әуенмен көмкерілген елорда күні

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Елорда күніне арналған мерекелік шаралар аясында Қорғаныс министрлігінің шығармашылық ұжымы Астананың тұрғындары мен қонақтарына ерекше музыкалық тарту жасады. Қарулы Күштердің Орталық әскери оркестрі мен Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың ансамблі «Жетісу» саябағында және XI «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалінің гала-концертінде өнер көрсетті.
Ауқымды шара елордалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылып, оған күштік құрылымдардың үздік музыкалық ұжымдары - Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі және Мемлекеттік күзет қызметі құрамындағы музыканттар қатысты.
6 шілде күні «Қазақ елі» алаңында өткен концертте әскери оркестрлер бірлесе өнер көрсетіп, патриоттық рух пен ұлттық мақтаныштың шынайы үлгісін көрсетті. Қарулы Күштердің ансамблі орындаған марштар мен халық әндері, соның ішінде «Көзімнің қарасы» туындысы көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Ал «Дос-Мұқасан» попурриі мен «Құдаша дикси» шығармасы мерекелік кештің көрігін қыздырды.
Көрермендерді әсіресе барабаншылардың интерактивті шоуы мен Құрмет қарауылы ротасының дефилесі тәнті етті. Концерт аясында қалалықтар әскери оркестр өнерінің мәні мен маңызын тереңінен сезіне алды.
Айта кетейік, «Әскери керней» фестивалі - әскери-музыкалық өнерді дәріптеп, қоғам мен армия арасындағы рухани байланысты тереңдете түсетін маңызды мәдени жоба.