Астанада жастарға арналған жобалар қарқын алып келеді

Патриот жаршысы
114

Астана қаласының әкімдігі

Астанада мемлекеттік жастар саясаты қарқынды дамып келеді. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен баспасөз конференциясында Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев мәлімдеді.

Бүгінде елордада 481 мыңнан астам жас өмір сүріп жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мыңға көп. Қаладағы 16 жоғары оқу орнында 95 мыңнан астам студент білім алуда. Жастарды қолдауға бағытталған түрлі жобалар мен бастамалар олардың жұмысқа орналасуына, дамуына және белсенді азамат болып қалыптасуына оң әсерін тигізіп отыр.

2025 жылдың алғашқы алты айында 5 023 жас жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны» сынды бағдарламалардың арқасында мүмкін болды. Ал «Жасыл ел» жобасы аясында екі айдың ішінде 3 365 жас еңбекке тартылып, маусым соңына дейін бұл сан 5 200-ге жетпек.

«Joltap» жобасы жастарды SMM, таргетинг, контент-креатор, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн және базалық цифрлық дағдылар сияқты 7 цифрлық бағытта, сондай-ақ 11 техникалық мамандық бойынша оқытып жатыр. Жыл соңына дейін 5 300 жас техникалық, 2 700 жас цифрлық салада білім алады деп жоспарланған.

Еріктілер де елордалық өмірге белсене атсалысуда. Биыл 5 000-нан астам ерікті WORLD BOXING CUP ASTANA 2025, EcoFest, BI Marathon сынды ірі шараларға қатысып, ұйымдастырушыларға қолдау көрсетті. Олар қонақтарды қарсы алу, үйлестіру, аударма жасау сияқты маңызды міндеттерді атқарды.

Жастардың салауатты өмір салты мен құқықбұзушылықтың алдын алуына да ерекше мән беріліп отыр. «ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы аясында спорттық жаттығулар, рейдтер, тренингтер мен байқаулар ұйымдастырылды. 30 маусымда Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының ауласында есірткіге қарсы мурал ашылды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына елордалық жастар белсене қатысып, сенбіліктер өткізіп, табиғатты қорғау идеясын насихаттауда. Ал «Заң және тәртіп» бағыты бойынша есірткіге қарсы іс-шаралар мен спорттық турнирлер тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Әскери-патриоттық тәрбие саласында «Жас сарбаз» жобасы жүзеге асып жатыр. Қаладағы 64 мектеп пен 14 колледжде 2 мыңнан астам жас қамтылған. Жоба аясында батырлармен кездесулер, патриоттық ән байқаулары мен фильм көрсетілімдері өтуде.

Отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Отбасы – бақыт мекені» жобасы қолға алынды. Сонымен қатар, қалада 10 аула клубы жұмыс істейді. Онда 2 500-ге жуық бала мен жасөспірім тегін 130 үйірмеге қатысады. Бұл үйірмелердің 74-і спорттық, 56-сы шығармашылық бағытта.

Қазіргі таңда Астанада 64 студенттік жатақхана жұмыс істейді. 2025 жылға қарай тағы 3 400 орындық 7 жатақхана салу және жаңғырту жоспарда бар. Бұл студенттер арасындағы жатақхана тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әкімдік оқу корпустары мен жатақхана салуға арналған жер учаскелерін де бөліп отыр.

Малика Рүстем
тілші