Құрақ көрпемен – әлемдік рекорд

Абай облысының әкімдігі
Алматыдағы әйгілі Медеу мұз айдынында қазақтың құрақ өнерін дәріптеген ерекше оқиға орын алды. «Аламан құрақ - 2025» мәдени жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 660 құрақшы жалпы көлемі 1366 шаршы метрді құрайтын алып құрақ көрпе құрап, Global Book of Records әлемдік рекордтар кітабына енді. Бұл — қазақтың қолөнеріне арналған тұңғыш халықаралық рекорд ретінде тарихқа жазылды.
Ауқымды шараға Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан 34 құрақшы қатысса, олардың ішінде Абай облысының 13 мұғалімі мен 2 оқушысы да бар. Семей, Аягөз, Көкпекті және Абай аудандарынан келген педагогтар мен білім алушылар қала гимназиялары мен лицейлерінде, ауыл мектептері мен қосымша білім беру ұйымдарында еңбек етеді.
Жобаның Абай және ШҚО өңірлері бойынша үйлестірушісі — Семей қаласындағы №19 мектептің ұстазы Бақытжан Шапенова. Ұлттық өнерді әлемдік деңгейде насихаттаған ұстаздың жетекшілігімен қатысушылар өз аймағының мәртебесін көтеріп, қазақ құрағын жаһанға танытты.
Бірегей жобаның авторы - Аягөз ауданы, Таңсық ауылының тумасы Нұргүл Абайхан. Қолөнер жанашыры бастаған «Аламан құрақ» қазақ аналарының ауызбіршілігін, ұлттық құндылықтар мен эстетиканың ғажап үйлесімін әлемге паш етті.