Семейде «Адамзаттың Абайы» айтысы өтті

Абай облысының әкімдігі
Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шаралар легі Абай облысында жалғасуда. Онкүндіктің сегізінші күнінде Семей қаласындағы Абай атындағы театрда «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы басталды.
Сөз додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 12 ақын қатысуда. Олардың арасында «Айтыстың ақтаңгері» Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев және Мейірбек Сұлтанхан секілді 6 бірдей «Алтын домбыра» иегері бар. Сондай-ақ Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы мен Өміржан Көпбосынов сахна төрінде өнер көрсетуде.
Айтысты белгілі айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жүргізіп отыр. Қазылар алқасына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман төрағалық етуде. Сауытбек Абдрахманов, Төлеген Жанғалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Серік Қалиев, Қалқаман Сарин және Мәжіліс депутаттары Ринат Зайытов пен Жанарбек Әшімжан да қазылар қатарында.
Айтыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Берік Уәли ақындарға сәттілік тілеп:
«Абай қазақ ренессансының басында тұрды. Бұл жолғы айтыс бұрынғыдан өзгеше – ең мықты ақындардың басы қосылып отыр. Алдарыңызда тұрған 12 ақынның алтауы – «Алтын домбыра» иегері. Мұндай айтыс Семейде көптен өткен жоқ», – деді.
Шара барысында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері табысталды және бірқатар ақындар айтыскерлер мен жыршы-термешілердің халықаралық одағына мүше болып қабылданды.
Қала тұрғындарының айтысты еркін тамашалауы үшін Абай театрының алдына үлкен LED-экран орнатылды.