"Отбасылық кітап оқу дағдысын қалыптастыру керек"

Фото: Жеке мұрағаттан
Жақында кітап оқуды көпшілікке насихаттап жүрген жас отбасы Санат Ілияс пен Жаңабике Қабылда әлеуметтік желіде "Бірге кітап оқиық" жобасын бастады. Осы жөнінде журналист Жаңабике Қабылдамен аз-кем сұхбаттасқан едік.
Санат Ілияс– Абай облысы, Қалбатау ауылының, Жаңабике Қабылда – Қостанай облысы, Амангенді ауылының тумасы. Екеуі де әрдайым ізденісте жүретін шығармашылық адамдары, кәсіби журналист. Кейіпкеріміздің сөзінше, кітап – даму мен ізденістің нағыз кілті.
Кітаптың біздің өміріміздегі орны бөлек деп айтсақ болады. Үйде шағын кітапханамыз бар. Саяхатқа шықсақ та бір кітап алып, оны тауысып барып ғана үйге алып келеміз. Кейде жолымызда кездескен жақсы жандарға сыйлаймыз. Себебі қазақ тіліндегі кітаптар шетелде тапшы болатын мемлекеттер бар. Біздің бір жастағы ұлымыз бар. Таңда оған міндетті түрде дауыстап кітап оқимыз. Күнделікті жолдасыммен оқып жатқан кітаптарымызды талқылаймыз, ой бөлісеміз.
– Бұл жобаны құру туралы ой қалай және қашан келді? Несімен ерекше?
– Бұл жобаның авторы өзіміз деп айтсақ қате болар. Себебі кітапқа халықтың сұранысы бұрынан- ақ бар. Қоғамның қалаулы жобасы дегеніміз дұрыс шығар. Біз тек дастарқан басында осы бір идеяны талқылап, “ Бірге кітап оқиық” жобасын іске асырған адамбыз. Әйтпесе оны көктен ойлап тапқанымыз жоқ. Жобаның басталғанына 10 күндей болды. Бірден қарекетке көшіп, бастап кеттік. Кітапқа байланысты жобалардың көп болғаны жақсы. Біздің жобамыздың мақсаты - отандық және шетелдік туындыларды барынша насихаттау және жаппай оқыту. Ата-анадан бастап, балаға дейін кітапқа деген қызығушылықты арттыру.
– Әлеуметтік желілеріңізді қарасақ саяхаттағанды, тың ақпараттармен бөлісіп, контент жасағанды ұнатады екенсіздер. Әсіресе шетелдегі қазақтар өмірі туралы қызықты ақпарат өте көп екен. Сол жөнінде де айта кетсеңіз.
– Иә, біздің “ Жалғыз жолаушы” ютуб арнамыз бар. Авторы және негізін қалаушы, жолдасым Санат Ілияс. Ал жобаның продюсері өзім. Біз шетелде тұратын қазақтардың өмірін, салт-дәстүрін, тұрмысын көрсетеміз. Оны жалпақ жұртқа таныстырамыз. Мәселен осы жылы 12-13 мемлекетке барыппыз. Оның ішінде Пәкістан, Сингапур, Малайзия, Түркия, Бали, Вьетнам т.б. 20-да аса шығарым ютубқа шықты. Жалпы арнамызға 200 мыңнан аса көрермен жазылған.
– Екеуіңіз де шығармашылық адамдары болғандықтан түсінісу, креативті ойлау жағынан сіздерге оңай шығар. Қандай отбасылық ұстанымдарыңыз бар?
– Иә, отбасылымыз және Батыр есімді ұлымыз бар. Санат екеуіміз де журналистпіз, шығармашылықты жанымыз сүйеді. Кез келген шешімді талқылап, тез жүйеге келтіріп, бірден іске кірісіп кететін әдетіміз бар. Иә, бірге жұмыс істеу бізге оңай әрі жеңіл. Отбасылық ұстанымдар? Егер жұмысымызға қатысты болса, онда біз ойымызға келген алғаш идеяны бірден түртіп аламыз. Содан отырып, оны жан-жақты талқылаймыз. Жалғыз жолаушы шығарылымын түсіру барысында әркімнің өзінін міндеті болады. Шығарылымның структурасын құру, қызықты кейіпкер табу, локацияны анықтау, монтаж тағысын тағы әрекеттерді бөліп аламыз. Бұл жұмыстың тез әрі өнімді болуына көмектеседі.
– Оқырмандар жобада қандай кітаптармен танысады?
– “Бірге кітап оқиық” жобасының алғашқы кітабы етіп Ә. Нұршайықовтың “ Махаббат, қызық мол жылдар” шығармасын таңдағанбыз. Себебі әр жақсы нәрсе махаббаттан, шынайылықтан бастау алады. Кейінгі кітап Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұясымен” жалғасты. Бұл кітапты ҚР Президентінің кеңесші - Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мырза таңдап, Аида Балаеваға аман етіп тапсырды. Бұл біз үшін үлкен қолдау болды. Енді алдағы 10 күн бойы осы туындығы бірігіп оқимыз. Кейін ҚР Мәденет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа кітапты таңдайды. Ол қандай кітап болады әзір белгісіз.
– Сіздерді ел мүддесі үшін талпынып жүрген жалынды жастар қатарына қосуға әбден болады деп ойлаймын. Сіздің түсінігіңіздегі патриотизм қандай? Жастардың бойындағы рухты, білім-ғылымға деген құштарлықты қалай оятуға болады деп ойлайсыз?
– Патриотизм түсінігін әркім әртүрлі пайымдайтын шығар. Бірақ менің түсінігімде ол алдымен еліңді жақсы көру, ол қалай? Еліміздің әр жақсылығы мен кем тұстарын толық қабылдау. Мінсіз ел, мінсіз мемлекет болмайды. Қайда жүрсең де, қазақ тілінде сөйлеп, оны кеңінен насихаттауға тырысу. Қазақша кітаптар оқу, тарихыңды түсіну, салт-дәстүрін ұғыну, қазақтың тауарын тұтыну, тіпті қарапайым қазақша пернетақтамен қатесіз жазу) жүрген жеріңді ластамау, қызметіңді адал істеу. Бұның барлығы менің санамдағы еліме деген патриотизмнің бір бөлшегі деп ойлаймын. Жастардың рухы мен білімге деген қызығушылығын арттыру үшін балаларға тал бесіктен дұрыс тәрбие беру керек. “Отан - отбасынан басталады” деп бекер айтпаған ғой. Отбасылық кітап оқу дағдысын қалыптастыру керек. Сонда баланың ілім-білімге қызығушылығы артады, көзі ашылып, көкірегі ояу болады.
– Сұхбатыңызға алғыс білдіреміз!