Жаңа буын: көшбасшылыққа қадам

Патриот жаршысы
59

Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIII сессиясы қарсаңында жастармен «Жаңа буын көшбасшылары» атты ашық кездесу өтті. Іс-шараны «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің елордалық филиалы ұйымдастырды.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, этносаралық татулықты насихаттау және көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесуге қоғам белсенділері, медиа саласының өкілдері мен түрлі салада танылған мамандар қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты.

– Біздің басты мақсатымыз – жастарды шабыттандыру, оларға өз әлеуеттерін ашуға мүмкіндік беру. Мұндай тікелей қарым-қатынас арқылы біз олардың жеке дамуына жол ашамыз, – деді ұйымдастырушылардың бірі Арман Жәнеев.

Спикерлер жастардың ел өміріне белсенді араласуының маңыздылығын атап өтті. Кездесу жастарды біріктіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының құндылықтарын кеңінен насихаттауға сеп болды.

– Біз жастардың Ассамблея миссиясын жүрегімен қабылдап, өздерін оның белсенді мүшесі ретінде сезінгенін қалаймыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігін сақтайтын маңызды институт, – деді «Ассамблея жастары» қалалық өкілдігінің жетекшісі Лариса Пак.

Мұндай кездесулер – жаңа буынның көшбасшылық қасиеттерін шыңдап, қоғамдық өмірге белсене араласуына үлкен серпін береді.

Малика Рүстем
тілші