Дронға қарсы дайындық: Құрлық әскерлері қауіпке төтеп беруге үйренуде

Патриот жаршысы
144

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Астанадағы 68665 әскери бөлімінде Құрлық әскерлерінің нұсқаушыларына арналған оқу-әдістемелік жиын өтіп жатыр. Бұл жолғы басым бағыт – ұшқышсыз ұшатын құрылғыларға (дрондарға) қарсы іс-қимылдарды үйрету.

Жаттығулар барысында жауынгерлер төмен биіктікте ұшатын нысаналарға, соның ішінде дрондарға тегіс ұңғылы қарумен дәл ату әдістерін меңгеруде. Оқыту процесі Құрлық әскерлері бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаевтың басшылығымен ұйымдастырылды.

Жиынның бастығы подполковник Сергей Батурин қазіргі заманда дрондарды жоюда тегіс ұңғылы қарудың тиімділігі артып келе жатқанын атап өтті. Әсіресе дрон нысанаға жақындағанда немесе соңғы траекториясында дәл тигізу – маңызды машықтың бірі.

Нұсқаушылар есептоптар құрамында және жеке әрекет ету тәсілдерін меңгеріп, дрондарды жылдам анықтау мен жоюдың озық әдістерін тәжірибе жүзінде үйреніп жатыр. Сонымен қатар, болашақта өз бөлімдеріндегі әскери қызметшілерді сапалы оқыту үшін тиімді әдістемелер қалыптастыруға да көңіл бөлінуде.

Бұл оқу-жиын — қазіргі заманғы әскери қақтығыстар сипатына бейімделу жолындағы маңызды қадам. Дрондардан төнетін қауіп күн сайын артып келе жатқан бүгінгі жағдайда, мұндай дайындықтар Құрлық әскерлерінің жауынгерлік қабілетін арттырып, қорғаныс әлеуетін нығайтуға жол ашады.

Малика Рүстем
тілші