Ерасыл - Қазақстан барысы

ФОТО КАЗИНФОРМ
Елордамыз Астана қаласының бас спорт кешені Барыс аренада өткен «Қазақстан барысы-2024» күрес турнирі аяқталды.
Еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған алып балуандар күш сынасқан бұл доданың жеңімпазы абайлық Ерасыл Қажыбаев атанды. Белдесуге дейін созылған финал өте тартысты өтті. Қабанбайдың есімін ұрандатқан Ерасыл шеберлік пен қайраттың шынайы үлгісін көрсетті.
Күміс жүлде Шымкент қаласының намысын қорғаған Ерсұлтан Мұзаппаровқа бұйырды.
Үшінші орынды Әскер барысы атанған Әділ Оразбаевтан басым түскен тағы да Абай облысының спортшысы Саят Шәмшиев қанжығалады.
Он жылдан аса уақыт үзбей өткізіліп келе жатқан Қазақстан барысы әлемге қазақ күресін танытып, талай жас балуандарға жігер бергені сөзсіз. Оны қазақтың жас балуандары биыл Астанада өткен Көшпенділер ойындарында дәлелдеді.
Қазақ күресінің болашағынан үмітіміз зор. Қазақ күресі – нағыз күш пен ептіліктің сайысы. Балуандар белден төмен қол жүгіртпейді, жерде домалап аймаласып жатпайды. Өте аристократтық күрес. Сондықтан біздің ұлттық күресіміз олимпиада тізіміне енуге әбден лайық деп есептейміз. Сол күнге жетейік.