Велотректен елордалықтар - 25 медаль иесі

Патриот жаршысы
29

Астана қаласының әкімдігі

26–31 шілде аралығында Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен VI Жастар ойыны өз мәресіне жетті. Төрт жылда бір өтетін бұл маңызды додаға еліміздің 14 өңірінен 263 велошабандоз қатысты.

9–14 жас аралығындағы жас спортшылар спринт, кейрин, омниум, мэдисон сынды бірнеше бағыт бойынша бақ сынасты. Жарыста ерекше көзге түскендердің қатарында Астана қаласының спортшылары болды. Қорытынды бойынша елордалықтар 10 алтын, 9 күміс және 6 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте жеке дара көш бастады.

Жеңімпаздар қатарында №6 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің өрендері де бар. Бұл мектеп велошоссе, велотрек және маутинбайк бағытында 421 жас спортшыны тәрбиелеуде. VI Жастар ойынына осы мектептен 17 спортшы қатысқан.

2024 жылғы «Жылдың үздік спортшысы» атанған елордалық велошабандоз Мұрат Күйтенов жарыс жайлы әсерімен бөлісті:

«Бес күн бойы үздік атануға тырыстым. 4 мәрте чемпион болдым. Бәрі оңай көрінуі мүмкін, бірақ велоспортпен шындап айналысу үшін талай рет күмәнге берілдім. Бір күні бапкерім “тағы кететін болсаң, есік жабылады” деді. Содан бері 9 жылдан бері велоспортпен біргемін. Алда Қырғызстан, Испания, Италиядағы жаттығу жиындарына барып, әлем чемпионатына тың дайындықпен баруды көздеп отырмын».

Елорда велошабандоздарының бұл жеңісі - жылдар бойы қалыптасқан жүйелі еңбектің нәтижесі. 2024 жылы Қазақстан велоспорт федерациясы Астананы «Үздік өңір» деп танығаны да осының дәлелі.

Айта кетейік, VI Жастар ойыны аясында әлі талай спорт түрінен жарыстар өтеді. Су добы, таеквондо, желкенді спорт, каноэ мен байдаркада ескек есу, грек-рим және еркін күрес, әйелдер күресінен де жеңімпаздар анықталатын болады.

Малика Рүстем
тілші