Биыл мәдениет саласында қандай айтулы оқиғалар болды

Патриот жаршысы
39

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

 

2025 жыл Қазақстанның мәдениет саласы үшін мазмұнды да маңызды оқиғаларға толы болды. Ел мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау, рухани мұраны дәріптеу және мәдени дипломатияны нығайту бағытында бірқатар ауқымды бастамалар жүзеге асты.

Соның ең елеулілерінің бірі — Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығының ашылуы. Бұл орталық өнер, тіл және мәдени алмасуға арналған ірі алаңға айналып, қысқа мерзім ішінде 2000-нан астам адамды қабылдады. Мұнда көрме, білім беру және ағартушылық бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған бастама Мемлекет басшысының мәдени дипломатияны дамыту жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді.

2025 жылғы мәдени оқиғалардың ішінен Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойын ерекше атап өткен жөн. Атаулы дата ЮНЕСКО-ның 2024–2025 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізіміне енді. Бұл – композитордың әлемдік музыка мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесінің мойындалуы. ЮНЕСКО Нұрғиса Тілендиевтің қазақтың дәстүрлі музыкасын фольклорлық мұра және заманауи әуендермен шебер үйлестіре білген кәсіби деңгейін жоғары бағалады.

Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Италияның Рим қаласында ұлы ойшылға арналған ескерткіш орнатылды. Бұл бастама Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтып, Абай мұрасын халықаралық кеңістікте кеңінен танытуға жол ашты. Ал Қырғызстанның Ош қаласында Абай атындағы көше, ескерткіш және музей ашылып, қазақ-қырғыз рухани байланысының тағы бір айқын көрінісіне айналды.

Сонымен қатар Армениядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Аталған жоба Қазақстан Президентінің Арменияға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген мемлекетаралық келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты.

Тамыз айында Қазақстан мен Қырғызстан президенттерінің қатысуымен Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштің ашылуы өтті. Бұл монумент екі ел арасындағы рухани-әдеби сабақтастықтың символына айналды.

Биыл Ақтау қаласына Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесі берілді. Бұл атақты Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы ұсынды. Ақтау қаласы аясында 20-дан астам елдің мәдениет өкілдері қатысқан фестивальдер, көрмелер, конференциялар мен шығармашылық жобалар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар 2025 жылы Армения мен Ресейде Қазақстанның мәдени күндері өтсе, елімізде Вьетнам халқының мәдени күндері ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар халықаралық мәдени байланыстарды нығайтып, Қазақстанның шығармашылық әлеуетіне деген қызығушылықты арттыра түсті.

Театр саласында да айтарлықтай жетістіктер тіркелді. «Астана Опера» театрының шетелдік гастрольдері аншлагпен өтіп, қазақстандық әртістер әлемнің жетекші сахналарында жоғары бағаланды. Атап айтқанда, опера әншісі Нұрсұлтан Әнуарбек әлемдегі ең беделді жобалардың бірі саналатын Үлкен театрдың Жастар бағдарламасына конкурстық негізде қабылданды.

Айта кетейік, жуырда Ыстанбұл қаласындағы ең ірі кітапханалардың бірінде Қазақстанның ғылыми-әдеби бұрышы ашылды. Бұл бастама қазақ ғылымы мен әдебиетін халықаралық оқырманға кеңінен танытуға бағытталған.

Лағыл Намаз
тілші