Көкке қол созған ерлер сайысы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Ақмола облысындағы «Жоламан-солтүстік» әуеайлағында парашют спортынан Арнайы операциялар күштері қолбасшысының кубогына арналған алғашқы ашық чемпионат басталды.
Жарысқа 18 командадан құралған 50-ден аса парашютші қатысып, «қону дәлдігі» бойынша өзара бақ сынауда. Қатысушылар қатарында Арнайы операциялар күштері, Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ Астана, Қарағанды және Павлодар қалаларындағы авиациялық және парашюттік спорт федерацияларының өкілдері бар.
-Бұл жарыс - көкпен тілдескен батыр жүректі сарбаздар мен спортшылардың шеберлік алаңы. Парашютпен секіру – барынша дәлдікті, тәртіп пен жүрек жұтқан батылдықты қажет ететін спорт түрі. Осындай бәсекелер - тәжірибе алмасу мен достықты арттыратын маңызды алаң, - деді Арнайы операциялар күштері қолбасшысының орынбасары, подполковник Саят Исанов.
Сайыс барысында парашютшілер Ми-17 тікұшағынан 1200 метр биіктіктен секіріп, шектеулі нысанаға дәл қонуға тырысады. Нәтижелер жеке және топтық есеп бойынша анықталады.
Бұл чемпионат - тек спорттық бәсеке емес, әуенімен үндескен ептілік пен ерліктің біртұтас көрінісі. Қатысушылардан жоғары кәсіби шеберлік, нақты есеп, дәл қимыл мен үйлесімділік талап етіледі.