Өңір мақтанышы – Болат Сапорұлы

Абай облысының әкімдігі
Шығыс Қазақстан облысында елге сіңірген еңбегімен көптің құрметіне бөленген Болат Сапорұлына лайықты құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Берік Уәли ардақты азаматты 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, оның ел игілігі жолында сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Ақсуаттағы қарапайым механизаторлықтан бастаған Болат Сапорұлының еңбек жолы – нағыз табандылық пен елге қызмет етудің үлгісі. Ауыл шаруашылығын дамытып қана қоймай, 1990 жылдардағы қиын кезеңде Бородулиха ауданының экономикасын сақтап қалуға, білім мен денсаулық сақтау нысандарын сақтау мен жаңғыртуға белсене атсалысты. Сондай-ақ Жезкент кен байыту комбинатының кеңеюіне, Тасбел орманына резерват мәртебесінің берілуіне елеулі үлес қосты.
Болат Сапорұлы ұзақ жылдар аудан әкімдігі мен мәслихат хатшысы қызметтерін атқарып, ауыл шаруашылығын реформалау, әлеуметтік нысандарды сақтап қалу, білім мен денсаулық салаларын дамыту бағытында нәтижелі жұмыс жүргізді. Ол – «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Бородулиха мен Тарбағатай аудандарының Құрметті азаматы.