Алматы мен Қытай арасындағы туризм көпірі кеңеюде

Алматы қаласының әкімдігі
Алматы қаласы Қытай туроператорларының ерекше назарында. Жуырда Бейжіңде өткен Beijing International Tourism Expo (BITE 2025) халықаралық көрмесі аясында мегаполис Қытай Халық Республикасынан 2025–2026 жылдары 36 мыңнан астам турист тартуға бағытталған 30 келісімге қол қойды. Бұл жөнінде қалалық туризм басқармасы хабарлады.
Қытай – Алматы үшін туризм саласындағы маңызды серіктестердің бірі. 2024 жылы шаһарға аспан асты елінен 99 167 турист келген, бұл – шетелден келген қонақтардың жалпы санының 14,4%-ын құрайды.
27–29 маусым күндері Алматы өз туристік әлеуетін Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ең ірі BITE 2025 көрмесінде таныстырды. 60-тан астам елдің қатысушыларын жинаған көрмеде Алматының стенді қонақтарға ерекше әсер қалдырды: қазақтың ұлттық музыкасы орындалып, дәстүрлі тағамдар ұсынылды, сонымен қатар қолөнер бұйымдары мен тарихи үлгідегі әшекейлер көрсетілді.
Көрме қорытындысында Алматының экспозициясы жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін Best Organizing Award арнайы жүлдесіне ие болды.
Алматының BITE 2025 көрмесіне қатысуы – қала мәдениеті мен дәстүрін жаһандық деңгейде насихаттап, заманауи туристік инфрақұрылымды таныту жолындағы маңызды қадам болды.