Қазақ фольклоры — Marvel стилінде

Патриот жаршысы
74

Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры балаларға арналған тың қойылым ұсынды. Бұл жолы сахнада «Асан мен Үсен» ертегісі заманауи Marvel комикстері стилінде қайта жанданды. Қойылым қалалық әкімдіктің ресми қолдауымен көрермен назарына ұсынылды.

Қойылымның негізі Ыбырай Алтынсариннің танымал шығармасына сүйенген. Алайда драматург Бақытбек Қадыр оны жаңаша бағытта кеңейтіп, қазақ фольклорындағы Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар сынды кейіпкерлерді оқиға желісіне қосқан.

Режиссер Нұржігіт Мүслімұлының айтуынша, бұл спектакльде тіпті Ыбырай Алтынсариннің өзі Marvel фильмдеріндегі камео форматында көрініс береді. Яғни, Асан мен Үсен сапар барысында Алтынсаринмен кездеседі.

Спектакльді 400-ден астам көрермен тамашалады. Көркемдік топтың мақсаты – қазіргі балаларды қазақ ертегілерімен қызықтыру, заманауи визуал мен комикс стилін пайдалану арқылы ұлттық фольклорды жаңа буынға жеткізу.

Ең қызығы, ертегі қойылымы 2D форматында безендірілген. Ал дыбыстық сүйемелдеуде 100-ден астам музыкалық және эффектілік композиция қолданылған. Бұл – әдеттегі 20–30 музыкалық фоннан әлдеқайда ауқымды.

Режиссер:

«Marvel кейіпкерлерімен параллель құру арқылы балаларға таныс әлем мен ұлттық ертегіні тоғыстырдық. Мысалы, Халк – Таусоғарға, Аквамен – Көлтаусарға ұқсайды. Мұндай салыстырулар арқылы балаларға туған ертегілерін қызықты етуге тырыстық», – дейді Нұржігіт Мүслімұлы.

Қойылымның тағы бір өзекті тұсы – балалардың телефонға тәуелділігі мен кітапқа қызығушылығын арттыру мәселесі. Бұл құндылықтар қойылымның негізгі идеясына айналған.

Малика Рүстем
тілші