Astana Half Marathon 2025: Елорда көшелерімен 8 мың адам жүгірмек

Патриот жаршысы
59

Астана қаласының әкімдігі

1 маусым күні Астанада төртінші рет Astana Half Marathon жарысы өтеді. Бұл – елордадағы ең ірі бұқаралық спорт шараларының бірі. Жарысты «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырып отыр. Биылғы марафон 8 000-ға жуық қатысушыны жинайды деп күтілуде.

Марафон жаңартылған бағытпен өтеді. Жүгірушілер Тәуелсіздік алаңынан бастап «Арқар» және «Сығанақ – Мәңгілік Ел» көпірлері арқылы, Ақорда мен Есіл өзені бойымен, әрі қарай «Бәйтерек», Abu Dhabi Plaza және EXPO кешендерінің қасынан өтеді.

Жарыс 4 санат бойынша өтеді: 21,1 км – жартылай марафон, 10 км, 10 км скандинавиялық жүріс, командалық Экиден эстафетасы. Іс-шараға кәсіби спортшылармен қатар, әр жастағы әуесқой жүгірушілер де қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, елордада жаз мезгілі, рельефтің тегістігі және жақсы логистика – бұқаралық жүгіру спортын дамыту үшін тиімді жағдай жасап отыр.

«Бүгінде әлем астаналарында жүгіру мәдениеті қалыптасқан. Біз де осы дәстүрді Астанада дамытып келеміз. Былтыр марафонға 45 елден 6 000 адам қатысты. Биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары болады деп күтеміз»,

– деді қордың атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Жарысқа қатысып, қашықтықты сәтті аяқтаған барлық жүгірушіге арнайы медаль табысталады.

Айта кету керек, бұл жарыс AIMS (Халықаралық марафондар және ұзақ қашықтыққа жүгірулер қауымдастығы) мүшесі болып табылады және World Athletics талаптарына сәйкес сертификатталған. Бұл – ұйымдастыру сапасының жоғары деңгейін білдіреді.

Astana Half Marathon Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Малика Рүстем
тілші